Жаңалықтар

Павлодарда алкилат шығаратын зауыт салынады

анпз
Мұндай зауыт Қазақстанда алғаш рет ашылғалы отыр/Фото: azh.kz

Павлодарда құны 35 млрд теңге болатын, жоғары октанды жанармай құрамына қосылатын алкилат шығаратын зауыт салынады. Мұндай зауыт Қазақстанда алғаш рет ашылғалы отыр.

Іnterfax хабарлауынша, өндіріс қуаты – жылына 97,6 мың тонна. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның мәліметінше, бұл ауқымды жобаны «INTERTRANS C.A.» ЖШС жүзеге асырмақ. Сондай-ақ «Қазақстанның даму банкі» АҚ мен аталған серіктестік арасында кредиттік желі ашу туралы келісім жасалған.

Бұл жобаны іске асыру Қазақстанға сапасы жоғары, К-5 (Еуро-5) экологиялық стандарттарына сай келетін отын өндіруге мүмкіндік береді. Мұндай жанармай қоршаған ортаға тигізетін зиянды елеулі түрде қысқартады.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-тың ақпаратына қарағанда, зауыт құрылысын салу кезінде 500 жұмыс орны ашылса, пайдалануға берілген соң, зауытта 125 мың тұрақты жұмыс орны болады.

Қазір Қазақстанның мұнай өңдейтін зауыттары N-метиланилин және метил-трет-бутилді эфир пайдаланып жүр. Бірақ бұл заттарды қолдануға шектеу бар. N-метиланилин улы. Ауаға азот оксидін шығарады. Топырақты бүлдіріп, қозғалтқыштарды тоздырады. Эфир болса, жанған кезде улы заттарды пайда болуына ықпал етеді.

Алкилат – жоғары октанды жанармай құрамы. Жанармайды жақсартып, көмірқышқыл газы мен улы заттардың бөлінуін азайтады.