Танымал әншілердің концертіне жалған билет сатқан 18 жастағы күдікті ұсталды

Жарияланды
Ресейлік әншінің өнерін тамашаламақ болған астаналықтардың QR-коды да жалған болып шықты/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Танымал әншілердің концертіне жалған билет сатқан 18 жастағы күдікті ұсталды. Мұның алдында «Орда» тобының концертіне кіре алмай алданған Астана тұрғындары полицияға арызданған еді.

Өйткені, сатып алған билеттері жалған болып шыққан. Қолындағы билетімен концертке кіргізбей қойған кезде олар алданғанын бір-ақ білген.

Polisia.kz хабарлауынша, танымал әншілердің концертіне билет алып, алданғандардың саны мұнымен шектелмей отыр. Ресейлік әншінің өнерін тамашаламақ болған астаналықтардың QR-коды да жалған болып шықты.

Бұл билеттердің бағасы – 10 мың теңге мен 20 мың теңге аралығында. Келтірілген жалпы шығын 200 мың теңгеге жуық.

Полиция дереу ізге түсіп, 18 жастағы жігітті ұстаған. Ол Instagram-нан жалған акаунт ашып, танымал әншілердің концертіне жалған билет сатып келген. Жедел іздестіру қызметкерлері күдіктіні банктік шоты арқылы анықтапты. Алданғандар осы шотқа ақшаларын аударған.

Күдікті кінәсін толық мойындап отыр. Тергеу барысында оның осындай 11 іске қатысы бар екені анықталды.

«Ақшаларыңызды сақтау үшін әлеуметтік желідегі жарнамалардың сілтемесіне өтпеңіздер. Қызмет алғыңыз келген компанияның ресми сайтын табу қауіпсіздеу», – деп ескертті астаналық полиция.

Қазақстанда алаяқтық соңғы жылдары өршіп барады. Тіпті, жоғары лауазымды тұлғалардың атынан халықты алдауға ұмтылып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз