Жаңалықтар

Тоқаев Энергетика министрі Сәтқалиевқа АЭС құрылысын тездетуді тапсырды

Тоқаев АЭС құрылысын тездетуді тапсырды/Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады. Бұл туралы Ақорда сайтында жазылған.

Тоқаев кездесуде Қазақстандағы АЭС құрылысын тездетудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ жылыту маусымының барысы және жылу-электрмен қамту бойынша ірі нысандардың жұмысына қатысты есепті тыңдады.

«Президентке ведомство жұмысының негізгі қорытындылары мен еліміздегі отын-энергетика кешенін дамыту жоспары, сондай-ақ мұнай-газ және энергетика салаларындағы ірі жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде ақпарат берілді», – деп жазылған хабарламада.

Айта кету керек, бұған дейін АЭС құрылысына мемлекет қазынасынан қаржы бөлінбейді деп хабарланған. Үкімет халықаралық қаржы ұйымдарынан борыш алуды жоспарлап отыр.

Атом станциясының қуаты 2,4 ГВт болады, құрылысына шамамен 12-15 млрд доллар қаржы қажет деп жоспарланды. Құрылысы 10 жылға созылуы мүмкін.

Кейінірек қытайлық  CNNC компаниясы оның құны 20 млрд юаньға жететінін айтқан, ал құрылысты бес жылда бітіреміз деп уәде берді.

Вице-премьер Роман Склярдың сөзінше, АЭС салу үшін бес елден тұратын консорциум құрылуы мүмкін. Оларды 2025 жылы таңдайды.