«Бас сүйегінде қан ұйып қалған» – Семейде дәрігерлер мұғалімді ажалдан қалай арашалап қалды?
Cемейде шыршаны безендірем мертіккен мұғалімді дәрігерлер ажалдан аман алып қалды. Бас сүйек қуысындағы тамыр жарылып, қан ұйып қалған. «Семей медициналық университеті» ауруханасының нейрохирургі Рашид Ешмұхаметов Arnapress.kz басылымына отаны дер кезінде жасап үлгергенін айтты.
– Жарақат салдарынан бас сүйегі қуысында тамыр жарылып, содан қанның жиналуын медицинада «субдуральды гематома» деп атайды. Ол біртіндеп жиналады. Бұл жерде гематоманың үлкен мөлшерге жетіп, өмірге қауіп төндіретін сәтке дейін операцияны орындап үлгеру керек. Яғни, гематоманы дер кезінде алып тастамағанда адам өліп кетуі мүмкін, – деп түсіндірді нейрохирург.
Бағына қарай қалалық мектеп мұғалімі Қуат Айтқалиев жарақат алған соң, реанимацияға жарты сағаттан өткен соң түскен. Дәрігерлер шұғыл шешім қабылдап, отаға бірден кіріскен. Нәтижесінде Қуат жалпы палатаға ауысты.
– Бас сүйекте ақау бар. Операция кезінде тірі қалу мүмкіндігін арттыру үшін гематома бар сүйектің бір бөлігін алып тастадық. Екі-үш айдан кейін бас сүйегінің ақауын ауыстыру үшін пластикалық операция жасау керек, – деді Ишмұхаметов.
Хирург сөзінше, пластикалық ота мұғалімнің денсаулығына аса қауіп төндірмейді. Дегенмен күтпеген жерден талып қалу және тағы басқа ауру белгілері байқалса, дәрігерлер шұғыл емдеуге жатқызады.
Ақ халаттылар Айтқалиев екі-үш айдан кейін жұмыс орнына орала алатынын айтты.
Айта кетейік, осы оқиғадан кейін бірнеше шенеунік жұмыс орнынан кетті. Зардап шеккен тұрғынның әйелі Сымбат Аянқызы осыған байланысты кінәлі адамдар заң алдында жауап беруін талап ететінін айтқан.