Жасанды интеллектіден пайда табатын бес компания қандай? Nasdaq 100 Tesla, Meta және Broadcom акцияларының салмағын азайтты. Synopsys 35 млрд долларға Ansys компаниясын сатып алуды жоспарлап отыр. Ұлыбритания экономикасының тоқсандық деректері төмендетілді. 23 желтоқсандағы әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыз.
Жасанды интеллектіден пайда табатын бес акция
Market Watch мәліметінше, 2025 жылы бес компания жасанды интеллектінің дамуы нәтижесінде өз кірістерін арттыра алады. Baron Capital басқарушыларының пікірінше, бұлар – Duolingo, Axon Enterprise, Kratos Defense & Security Solutions, SentinelOne, Tempus AI.
Duolingo шетел тілдерін онлайн үйретуде жасанды интеллектіні белсенді қолданады. Үшінші тоқсанда компанияның белсенді пайдаланушылар саны бір жыл бұрынғы 83 млн-нан 113 млн-ға жетті. Яғни 36%-ға өсті. Ал ақылы жазылушылар саны 5,8 млн-нан 8,6 млн-ға, яғни 47%-ға артты. Сауда көлемі 40%-ға өсіп, 192,6 млн долларға жетті.
Axon Enterprise денеге тағылатын камералар мен электршокерлер жабдығын сатады. Kratos Defense & Security Solutions – Patriot зымыран тосқауылдағышы мен «Темір күмбез» жүйесінде, сондай-ақ спутниктер мен ғарыш аппараттарында қолданылатын компоненттер мен бағдарламалық қамтамасыз етуді ұсынатын қорғаныс мердігері.
SentinelOne – Singularity Platform деп аталатын киберқауіпсіздік жүйесін жасаған компания. Бұл платформа нақты уақытта деректерді өңдеп, кибершабуылдарды анықтап, алдын алады (адамдарға қарағанда әлдеқайда жылдам).
Tempus AI жасанды интеллектін медициналық диагноздардың дәлдігін арттыру үшін пайдаланады.
Nasdaq 100 Tesla, Meta және Broadcom акцияларының салмағын азайтты
Bloomberg мәліметінше, Tesla, Meta және Broadcom компанияларының Nasdaq 100 индексіне әсері олардың капиталының өсуінен кейін төмендетілді. Бұған дейін Apple, Nvidia, Microsoft және Alphabet компанияларының салмағы да азайтылған болатын.
Nasdaq 100 индексі оның құрамындағы компаниялардың салыстырмалы нарықтық капиталына қарай өлшенеді. Алайда бірнеше компания шамадан тыс ірі болып кеткен кезде, бұл пропорцияны реттейтін ережелер қолданылады.
Бірақ Nasdaq индексін қайта теңгеру ережелері күрделі болғандықтан, оларды әртүрлі түсіндіруге болады.
«Белгілі бір мағынада, Nasdaq 100 өзінің жетістігінің құрбанына айналды. Себебі индекстегі ең ірі акциялардың құны қалған акцияларға қарағанда әлдеқайда тез өсті», – деп түсіндірді Interactive Brokers компаниясының бас стратегы Стив Сосник.
Bloomberg Intelligence деректері бойынша, Nasdaq 100 индексіне 540 млрд долларға жуық активтері бар 200-ден астам биржалық өнім тәуелді. Енді бұл қорлар жаңа өзгерістерге сәйкес өз индекстерін түзетуге мәжбүр болады.
Synopsys 35 млрд долларға Ansys компаниясын сатып алуды жоспарлап отыр
Микросхемаларды жобалауға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлейтін америкалық Synopsys компаниясы Ansys фирмасын 35 млрд долларға сатып алмақ. Ол үшін Еуроодақтың монополияға қарсы органдарынан рұқсат алуды жоспарлап отыр деп хабарлады Reuters.
Егер рұқсат берілсе, бұл келісім Broadcom компаниясының VMware бағдарламалық қамтамасыз ету өндірушісін 69 млрд долларға сатып алғаннан кейінгі технология саласындағы ең ірі мәміле болмақ. Сондай-ақ бұл ЕО-ның монополияға қарсы жаңа басшысы Тереза Рибераның жетекшілігімен жасалатын алғашқы ірі технологиялық компаниялар арасындағы бірігу болады.
Алдын ала тексеру нәтижелерін ЕО-ның монополияға қарсы органдары 2025 жылдың 10 қаңтарына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Ansys бағдарламалық қамтамасыз етуі әртүрлі өнімдерді, ұшақтардан бастап теннис ракеткаларына дейін әзірлеуде қолданылады.
Ұлыбритания экономикасының тоқсандық деректері төмендетілді
Ұлыбританияның ЖІӨ-сі үшінші тоқсанда 0,1% деп бағаланған өсімнің орнына 0% құрады деп хабарлады Reuters. Ұлттық статистика басқармасының мәліметі бойынша, екінші тоқсандағы ЖІӨ көрсеткіші де қайта қаралып, жылдық өсім 0,5%-дан 0,4%-ға төмендетілді.
Өткен аптада Англия банкі төртінші тоқсанда да экономиканың нөлдік өсім көрсететінін болжаған.
Capital Economics компаниясының Ұлыбритания бойынша бас экономисі Пол Дейлстің айтуынша, ІЖӨ төмендеуі ішінара экспорттық тауарларға сұраныстың азаюымен байланысты болған. Ал ішкі тұтыну шығындары мен бизнеске салынған инвестициялар артқан. «Біз 2025 жыл 2024 жылмен салыстырғанда экономика үшін әлдеқайда сәтті болады деп болжаймыз», – деді Дейлс.
Investec компаниясының бас экономисі Филип Шоудың пікірінше, мұндай статистика Англия банкінің 2025 жылдың басында ақша-несие саясатын жұмсартуға бару ықтималдығын арттырады.