Жаңалықтар

Маңғыстауда жұмыс орнында МАЭК жөндеу цехының шебері қайтыс болды

Маңғыстауда МАЭК жөндеу цехының шебері қайтыс болды
Маңғыстауда МАЭК жөндеу цехының шебері қайтыс болды / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Маңғыстауда «МАЭК» ЖШС жөндеу цехының шебері жұмыс орнында қаза тапты. Полиция оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы өңірлік LADA басылымы жазды.

«23 желтоқсанда энергокомбинатта төтенше жағдай орын алды. Дереккөздің хабарлауынша, аудандағы өндірісте шамамен сағат 16:00 жөндеу шеберханасының шебері қайтыс болды. Оқиға орнында құбыр құлаған болуы мүмкін», – деп жазды басылым.

Полиция жұмысшының қайтыс болу фактісін растап, тергеу басталғанын хабарлады.

«Еңбекті қорғау ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды. Тергеу жүргізілуде», – деп хабарлады полиция.

Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты (МАЭК) 1968 жылы 1 шілдеде құрылған. Кәсіпорынның міндеті өнеркәсіп пен аймақ тұрғындарын электр энергиясымен, жылу энергиясымен және сумен қамтамасыз ету.

2003-2019 жылдары МАЭК «Қазатомөнеркәсіптің» еншілес компаниясы болған. 2019 жылы Энергетика министрлігінің ведомстволық кәсіпорнына айналып, 2022 жылдың соңында МАЭК Маңғыстау облысы әкімдігінің коммуналдық басқаруына берілді.