Жамбыл облысы Тараз қаласында ауданаралық сотына 12 жастағы қызды «бір топ адам зорлауы» фактісі бойынша қылмыстық іс келіп түсті. Бұл туралы KursivMedia тілшісіне зардап шеккен отбасының адвокаты Әлия Арзымбетова айтып берді.
Адвокаттың айтуынша, іс қазір сот қарауында, судья әлі тағайындалмаған. Қылмыстық іс ҚК 120-бабы және 121-бабы бойынша (зорлау және сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) қозғалған.
Арзымбетованың сөзінше, іс маусым айында болған. Сол уақытта Тараз қаласының тұрғыны 12 жасар қызын бірнеше адам зорлады деген арызбен полицияға жүгінген. Тергеу барысында іс бірнеше рет «қылмыстық құрамының болмауы» себебінен тоқтатылмақ болған. Алайда жәбірленушінің анасы президентке үндеу жасап, бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінгеннен кейін іс жалғасын тапқан.
Қорғаушы зардап шеккен азаматтың кәмелеттік жасқа толмауына және күдікке ілініп отырған азаматтардың да жасөспірім болуына байланысты істің жабық режимде қаралатынын айтады.