Тәуелсіздік мерекесінде интернет нашар істегенін Цифрлық даму министрінің өзі білмеген бе?

Жарияланды
мүгедектігі бар
Тәуелсіздік мерекесінде Қазақстанда интернет дұрыс істемеді / Фото: kursiv.media

16-17 желтоқсан күндері Қазақстандан интернет дұрыс істемеді. Әсіресе, әлеуметтік желілердің жұмысы баяулап кетті. Мұның себебін Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте журналистер Жаслан Мәдиевтен сұрап көрді.

«16-17 желтоқсан күндері интернет дұрыс істемеді. Интернетті митингтен қорыққандықтан, билік әдейі бұғаттап жатыр деген әңгімелер де айтылды. Дәл осындай жағдай Жаңа жыл мерекесінде қайталанбай ма?», – деп сұрады журналист.

Мәдиев интернеттің сол күндері жәй жұмыс істегенін митинг болады деген қорқынышпен еш байланыстырмады. Бірақ нақты сол күндері байланыстың неге нашар болғанының себебін де түсіндіре алмады.

«Біздің елімізде көптеген дерек базасы бар. Техникалық ақаулар кез-келген ұйымда, банкте, мемлекеттік органда болатыны анық. Бұл ақауларды тез анықтап, тез қалпына келтірдік. Халық 3-4 күн қатарынан интернеттен ажырап қалған жоқ», – деді министр.

Журналист сол күнгі ақауға нақты не себеп болғанын атап беруді сұрады. Бірақ министр байланыстағы ақаулардың дер кезінде жойылғанын, ал нақты платформалардың жұмыс істемеу себебін Мәдениет және ақпарат министрлігінен сұрау қажет екенін ескертті.

Ал Жаңа жылға қарай мұндай ақаулар болмайды деп сендірді.

«Байланыста қандай да бір қиындықтар туындаса, оны дереу түзетуге тырысамыз. Алдағы мереке кезінде мұндай ақаулар болмайды», – деді Мәдиев.

Сондай-ақ оқыңыз