Жаңалықтар

Қазақстандықтардың жеке деректері ресейлік сервистен ұрланған

Қазақстарндықтардың жеке деректері Ресейдің «Сирена-Трэвел» атты компаниясынан ұрланған
Қазақстарндықтардың жеке деректері Ресейдің «Сирена-Трэвел» атты компаниясынан ұрланған / Коллаж: kursiv.media

Авиабилеттерді сатып алу сервисіндегі қазақстандықтардың жеке деректері Ресейдің «Сирена-Трэвел» атты компаниясынан ұрланған. Бұл туралы ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов айтты.

Комитет басшысының айтуынша, азаматтардың жеке куәлігіндегі аты-жөні мен құжат нөмірі ұрланған. Енді комитет деректері ұрланған азаматтардың атын анықтап, оларға арнайы хабарландыру жіберуді көздеп отыр.

«Деректер Ресей федерациясының аумағында орналасқан «СиренаТрэвел» деген компаниясынан ұрланып отыр. Бұл авиабилеттерді броньдау қызметін ұсынатын сервис. Біздің әуекомпанияларының бұл жерде ешқандай кінәсі жоқ. Олар да деректері ұрланған азаматтар секілді зардап шеккен тарап саналады», – дейді Әбдіқалықов.

Десе де, жеке деректері ұрланған азаматтар отандық әуе компанияларының үстінен шағым түсіре алады. Өйткені қалай болғанда да, заң негізінде зардап шеккен тарап өзінің жеке деректерінің құпиялылығын сақтамағаны үшін жауапты компанияны сотқа бере алады. Бұл шағым негізінде комитет отандық компанияларға тексеріс жүргізіп, олардың ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі Қазақстан заңнамасын қалай сақтап жатқанын тексере алады.

«Бұл оқиғадан соң министрлік «Роскомнадзорға» арнайы хат жіберді. Ол хатта оқиғаның мән-жайын анықтап, бұған қатысты қандай шаралар қолданылатыны жөнінде ақпарат беруін сұрадық», – Руслан Әбдіқалықов.

Еске сала кетсек, 23 желтоқсан күні өткен Мәжіліс сағатында депутат Айдос Сарым авиабилеттерді сатып алу сервисінен қазақстандықтардың жеке деректері ұрланғанын айтты. Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің вице-министрі  шетелдік сервистерде қазақстандықтардың жеке деректерін қорғауда министрлік мүмкіндігі шектеулі екенін айтты.