Жаңалықтар

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан БРИКС-тің ресми серіктесі болады

Серіктес елдердің өкілдері БРИКС самиттерінің отырыстарына және сыртқы істер министрліктерінің кездесулеріне шақырылып отырады/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан БРИКС-тің ресми түрде серіктес елдерінің бірі болады. Біздің елімізден басқа, бұл санатта Беларусь, Боливия, Индонезия, Тайланд, Куба, Уганда, Малайзия және Өзбекстан да бар. Бұл туралы бірінші болып Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді. Артынша мұны Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де растады.

«Қазан саммитінің маңызды нәтижелерінің бірі БРИКС-тің серіктес елдер категориясы енгізілді. Тізімдегі 13 ел келісілді. Бұл мемлекеттерге тиісті шақырту жіберілді», – деді Юрий Ушаков.

Серіктестік мәртебесіне келсек, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап серіктес атанатын елдердің өкілдері БРИКС самиттерінің отырыстарына және сыртқы істер министрліктерінің кездесулеріне шақырылып отырады.

2024 жылы 16 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Қазақстанның әзірге БРИКС-ке кіруді жоспарламағанын мәлімдеген еді.

Әзірге БРИКС-ке 9 ел мүше. Атап айтқанда, Бразилия, Россия, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Мысыр және Эфиопия кіреді. Бұл ұйымның қатары соңғы рет 2024 жылы 1 қаңтарда толыққан еді.

Мұның алдында БРИКС-те долларға балама болатын ортақ валюта шығару туралы мәселе көтерілген болатын. АҚШ-тың қайта сайланған президенті Дональд Трамп БРИКС мұндай қадамға барса, бұл елдерге қарсы қатаң экономикалық шара қолданылатыны туралы мәлімдеме жасады. Бұдан кейін БРИКС-тің мүшесі ОАР күн тәртібінде мұндай мәселе тұрмағанын айтып ақталған еді.