Орнын сақтап қалған Черчесов қазақша мәтін жаза бастады

Жарияланды (жаңартылды )
Черчесов қазақ тілі
Ол шабуылшы Абат Айымбетовті құттықтады/kff.kz, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері, ресейлік тренер Станислав Черчесов әлеуметтік желіде қазақша жаза бастады.

Ол шабуылшы Абат Айымбетовті түрік клубы «Адана Демирспордағы» жетістігімен құттықтаған.

«Ойыншыларымыздың еуропалық чемпионаттардағы жетістіктерін ұдайы бақылап отырамын. Кеше шабуылшы Абат Айымбет Түркиядағы чемпионатта «Адана Демирспор» үшін гол салды. Бұл – оның үшінші матчтағы үшінші голы. Міне бүгін Абатқа қоңырау соғып, жетістігімен құттықтадым. Осы қарқынды төмендетпеуіне тілектестік білдірдім. Ол дарынды жігіт, болашағы алда. Жарайсың, бауырым!», – деп жазды Станислав Черчесов.

Мұның алдында құраманың бас бапкері қазақша сауал қойған журналисті келеке етіп, французша жауап беруге ұмтылған болатын. Бірақ ол кейіннен мұнысын әзілге жорыған. Алайда оның бұл қалжыңы қоғам тарапынан сынға ұшыраған болатын. Жұрт Черчесовтің бұл қылығын «қазақ тілін құрметтемеу» деп есептеген еді. Сондықтан айыппұл төлеуге мәжбүр болды.

Қазақстан құрамасының сәтсіздіктерінен кейін, Станислав Черчесов орнынан кетеді деген сыбыс тарады. Алайда бүгін оның өз орнын сақтап қалғаны белгілі болып отыр. Қазақстанның футбол федерациясы арнайы мәлімдеме жасап, оның қызметінен кеткенін жоққа шығарды.

«Станислав Черчесов Қазақстанның футбол федерациясымен жасалған келісім-шарт бойынша ұлттық құраманың бапкері болып жұмысын жалғастырады», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз