Жаңалықтар

Орал қаласының әкімдігі Ресей-Қазақстан өңірлік форумына дайындалуға 16,4 млрд теңге бөлді

Орал қаласының 2025 жылғы бюджеті 46 млрд теңге болмақ/фото: Kursiv.media мұрағаты

2025 жылы Орал қаласында Қазақстан мен Ресей арасындағы өңірлік ынтымақтастықтың XXI форумы өтеді. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Байменов келесі жылға арналған бюджет бекітілген қалалық мәслихат отырысында мәлімдеді.

Орал апталығының жазуынша, бұл халықаралық шараға дайындық үшін қомақты қаржы қарастырылып отыр. Қаланың тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңартуға 16,4 млрд теңге бөлінген. Қасбеттерді жөндеп, көппәтерлі үйлердің шатырын қайта жабуға тағы да 228 млн теңге жұмсалуы тиіс.

Орал қаласы үшін бұл өте көп шығын. Айталық, қаланың Экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің жетекшісі Азамат Қадыров Орал қаласының 2025 жылғы бюджеті 46 млрд теңге болғанын мәлімдеп отыр. Оның 4,4 млрд теңгесі республикалық бюджеттен және ұлттық қордан трансферт жасалады. 3,1 млрд теңге облыстық бюджеттен қарастырылған.

Бұл форум Оралда үшінші мәрте өтпек. Соңғы рет 2006 жылы өткен форумға Ресей президенті Владимир Путин келген. 2024 жылы мемлекет басшыларының қатысуынсыз өтті. XX форум биыл 26-27 қарашада Уфа қаласында болды.

Мұның алдында жалпы Батыс Қазақстан облысының республикалық бюджеттен биыл 251,4 млрд теңге алғанын, 2025 жылы 266,8 млрд теңге қарастырылып отырғанын жазғанбыз.