Жаңалықтар

Шымбұлақ тау-шаңғы курорты өкілдері бағаның неге қымбаттағанын түсіндірді

Өткен операциялық жылы Шымбұлаққа 1,5 миллион турист келіп, қонақ болған/фото: KursivMedia мұрағаты.

Шымбұлақ тау-шаңғы курортында шаңғы тебу бағасы 25-30 пайызға қымбаттаған. Шымбұлақтың Жалға беру департаментінің басшысы Елдос Курсабаев неге бағаны көтергенін айтып берді.

«Биыл Шымбұлақ тау-шаңғы курорты шаңғы тебушілер үшін абонементтерді көтеруге мәжбүр болды. Оған бірнеше себептер бар. Біріншісі, инфляцияның әсері. Барлық қызмет түрлері қымбаттап жатыр. Екіншіден, инфрақұрылымдарымызға жүктеме орасан зор», – деді Елдос Курсабаев.   

Оның айтуынша, өткен операциялық жылы Шымбұлаққа 1,5 миллион турист келіп, қонақ болған. Туристердің санының күрт артуы қанат жолдарына, мейрамханаларға, әжетханаларға ауырлық түсіреді.

«Мұның бәрін бір қалыпта ұстау, уақтылы жөндеу, профилактикалық жұмыстар өткізу қомақты қаражатты талап етеді. Сосын, қосалқы бөлшектерді біз Еуропа мемлекеттерінен алып келеміз. Инфрақұрылымның жұмыс істеуіне, қызметін қамтамасыз етуге Шымбұлақ тау курорты табатын қаражаттың 60 пайызы кетеді», – деді жалға беру департаментінің басшысы.

Шымбұлақ тау-шаңғы курортында толық күн – сағат 8.30-дан 18.00-ге дейін ересектерге 17 мың теңге, балаларға 5 мың теңге деп баға белгіленіп отыр. Түске дейін шаңғы тебушілерге баға 13 мың теңге, ал балаларға 3,5 мың теңге. Түстен кейін 14 мың теңге, балаларға 4 мың теңге. Ал сағат 19.00-кейін сырғанаушылар үшін 10 мың теңге болады. Жаңа келгендерге жеңілдік бар. Бағасы – 5 500 теңге.

Мұның алдында «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының жаңа маусымы ашылғаны туралы жазған едік.