Tesla электромобильдерінен кілтипан шықты – 700 мың автокөлігін қайтарып алып жатыр
Tesla электромобильдерінен ақау шығып, қайтарып алып жатыр. Кері қайтарылатын Model 3, Model Y, және Cybertruck электропикаптарының ұзын-саны – 700. Оған дөңгелектерінің қауіпсіздігіне қатысты түйткіл шыққаны түрткі болып отыр.
Интерфакстың хабарлауынша, компания дөңгелектеріндегі қысымды бақылау жүйесінен кілтипан табылғанын мойындап отыр. Оны дер кезінде жоймаса, апат қатерін күшейтеді. Бұл түйткілді бағдарламалық қамтамасыз етуді қашықтан жаңарту арқылы кетіруге болады.
Tesla электромобильдерінен шыққан кемшілікке тоқталсақ, дөңгелектегі қысым жүйесіндегі бақылау лампасы жанбай қалуы ғажап емес. Жүргізушіге қысымның төмендегенін ескертпей қалады. Суық мезгілде дөңгелектердің қысымының түсіп кетуі жиі кездеседі.
13 желтоқсандағы жағдай бойынша, Tesla электромобильдерінен шыққан ақауға қатысты компанияға 76 кінәрат талап түскен. Және дөңгелектер қысымын бақылау ақауына байланысты оқиға орнынан бір есеп келген.
«Tesla-да осы ақауға байланысты әзірге апат, жарақат немесе опат болғандар туралы мәлімет жоқ», – делінген компания хабарламасында.
Әңгіме 2020-2025 жылдары шығарылған Model Y, 2017-2024 жылдары шыққан Model 3 және 2024 жылғы Cybertrucks туралы болып отыр.
Айта кететін жайт, сейсенбі күні Tesla акциясы 0,7%-ға артқан. Компанияның нарықтық бағасы аспандап, 73%-ға өсіп, $1,38 трлн-ға жетті.
Мұның алдында үш жыл бойы кері кеткен Tesla акциялары АҚШ-тағы президент сайлауынан кейін өсе бастағанын жазған едік.