Қазақстан АЭС салатын шетелдік компанияны қалай анықтайды?
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АЭС салатын елді қалай анықтайтынын айтты. Министрдің сөзінше, қазір Үкімет қаулысымен арнайы ведомствоаралық комиссия құрылған.
«Комиссия сұрақтар тізімін жасап, вендор елдерге жіберді. Оның ішінде құрылыстың мерзімі, қаржысы, болашақ тарифтер деген негізгі сұрақтардан бөлек халықаралық консорциумға қатысу мүмкіндігі сұралады. Сол сұрақтар нәтижесі бойынша сараптама жасалған соң, көпшілікке АЭС құрылысына қатысты соңғы шешімді жариялаймыз», – деді журналистерге.
Ведомство басшысының сөзінше, АЭС құрылысы өте ұзақ уақытты алады. Бірақ Қазақстан үшін оңтайлы мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.
«Базалық әдістеме бойынша, жобалау уақытының өзі ұзақ, 3 жылға дейін болады. Одан кейін статистикалық мәліметке сүйенсек, бірінші бетоннан бастап бірінші блоктың құрылысы аяқталғанға дейін 8-14 жылды алуы мүмкін. Қазақстан үшін мұндай уақыт қолайсыз. Біз барлық алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, вендорлар сапалы ұсыныс жіберетіндей жұмыс істеуіміз керек», – деді.
Сәтқалиевтің айтуынша, вендорлар ұсынысына қарай отырып, жеңімпаз жайлы шешім 2025 жылдың бірінші жартысында, «тіпті одан да тез уақытта» жарияланады. Дәл қазір вендор ел қатарына Франция, Ресей, Оңтүстік Корея және Қытай кіреді.
АЭС энергиясы қымбат болуы мүмкін бе деген сұраққа, вендорлар ұсынысына қараймыз деп жауап берді.
«Бірінші кезекте ол қолданатын технологияға байланысты болады. Мәселен, 2+ реактор деген технологияны қолданса, арзанға шығады. Басқа нұсқада электрэнергиясы қымбат болады. Комиссия деңгейінде бірінші кезекте аталған нысанның қауіпсіздігін ескере отырып, ыңғайлы шешім шығарамыз», – деді министр.
Бұған дейін Алмасадам Сәтқалиев президентпен кездесіп, Тоқаев Қазақстандағы АЭС құрылысын тездетудің маңызын атап өткен еді.
Оның алдында Энергетика министрлігі АЭС салу үшін іріктелген компаниялармен келіссөз жүргізуді бастағанын хабарлады.
«Бұл формат халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және Қазақстанның ұлттық мүддеге сай оңтайлы шешімді таңдауына мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.