Жаңалықтар

Алматыдағы ЖЭС-2 көмірден газға көшуі үшін 388 млрд теңге керек

ЖЭС-2 көмірден газға көшуі үшін 388 млрд теңге керек/ Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматылық ЖЭС-ті газға көшіру 2026 жылы аяқталу керек. Бұл туралы Алматы тұрғындарымен кездесуінде Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, қаладағы экологиялық мәселелерді шешу үшін ЖЭС-ті газға көшіру жоспарланып отыр.

 «2024 жылы өткен мемлекеттік талдаудың нәтижесі бойынша, жоба құны 388 млрд теңгеге жетті. Қазіргі уақытта жоба аясында құрылыс алаңы бойынша геологиялық барлау жүргізілді. 1-кезеңдегі барлау жұмысында 22 ұңғыма бұрғыланды, 2-кезеңдегі барлау жұмысында 111-ден 111 ұңғыма бұрғыланды.  Релелік қалқан ғимараты үшін қадаларды құю жұмыстары аяқталды», – деп түсіндірді Сатқалиев.

Жоба аяқталса, ЖЭС-2 арқылы қалада зиянды заттардың бөлінуін 37,3 тоннадан 2,7 тоннаға дейін азайтуға болады.

ЖЭС-ті көмірден газға көшіру мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Бұрынғы энергетика министрі Болат Ақшұлақов ЖЭС-2 газға көшу үшін 324 млрд теңге керек деген еді.  Ал былтыр қала басшылығы 2030 жылға дейін өнеркәсіптік және жеке секторларға газ тартылатынын хабарлаған.

«Алматы электр станцияларының» басшылығының мәліметінше, Алматы 2-ЖЭО-ны газға көшіру үшін «Қазақстанның Даму Банкінен» несие алған.