Қаржы нарығын реттеу агенттігі күмәнді жолмен қаражат тартатын компаниялардың тізімін жаңартты
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаражат тарту схемасы заңсыз компанияларды анықтап отырады. Мәселен, мұндай субъектілер тізімі наурыз айында 274-ке жеткен.
Ал 2024 жылдың 23 желтоқсандағы тізімде 295 ұйым бар. Агенттік бұларды «жосықсыз қызмет белгісі бар» деп таныған. Оған қоса тұтынушылар осы компаниялар қызметінің дұрыс емес екенін айтып шағымданды.
Бұл компаниялардың мынадай белгілері бар:
- Күмәнді инвестиция;
- Қаржы пирамидасының тәсілі;
- Орнықты компаниялардың атын пайдалану;
- Кепілдік берілген мүлікпен арбау;
- Жедел баюға шақыру.
«Тізімге өз бетінше және (немесе) делдалдарды тарта отырып немесе олардың атынан басқа адамдар әрекет ететін ақша тарту бойынша қызмет белгілері бар тұлғалар енгізіледі», – деп ескертті ҚНРДА.
Агенттік RC Group, Saudi Platform, Kasi Traders Limited, Proportunity Management Company Limited, Rise Capital және басқа да компаниялар атын құжатқа енгізді.