Жаңалықтар

Қызылордада кәмелет жасқа толмаған қызды жезөкшелікке тартқан тұрғын 4,5 жылға сотталды

Қызылордада оқушы қызды құлдыққа тартқан «жеңгетай» сотталды/ фото: kursiv.media

Қызылордада қызды жезөкшелікке тартқан күдіктінің ісі жабық сот отырысында қаралды. Қалалық №2 сот оны 4,5 жылға бас бостандығынан айырды.

Сотталушы заңсыз жолмен пайда табуды көздеген. Қаршадай қызды интимдік қызмет көрсетуге бірнеше рет тартқан. Қорғаушы айыпталушының баласы бар екенін айтып, жазаны жеңілдетуді сұраған.

Қалалық сот материалдары бойынша жәбірленушінің өкілі күдіктіні кешіретінін айтқан.

«Сот үкімімен сотталушы ҚР ҚК 309-бабы 2-бөлігінің 2),3)-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деп хабарлады №2 соттың баспасөз қызметі.

Бұған дейін 16 жастағы оқушы қызды қатарластары зорлады деген ақпарат тарады. Жыныстық құлдықта болған қызды бопсалаған, өзін лауазымды қызмет иесімін деп таныстырған адам Қылмыстық Кодекстің 194-бабы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Желтоқсан айында қылмыстық топқа қатысы бар деген айып тағылған тағы бір кісі  6 жыл 8 ай түрмеде жазасын өтейтіні белгілі болды. Секс-құлдық бойынша 10-нан астам адам тергеуге тартылды.