24 желтоқсан күні Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Астана қаласында үздік спортшыларды марапаттау шарасы өтті. «Үздік – 2024» кезеңіне саңлақтар іріктелген.
Жыл қорытындысы бойынша спорт сыйақысы табысталған шарада министр Ербол Мырзабосынов Олимпиада мен Паралимпиадада спортшылардың жүлделі оралғандарын атап өтті. 2025 жылдың ақпан айында Қазақстан спортшылары қысқы Азия ойындарына қатысады.
Сонымен Елдос Сметов пен Давид Дегтярев «Жылдың үздік спортшысы», Ғалымжан Жылгелдиев пен Юрий Колесников «Жылдың үздік жаттықтырушысы» атанды.
Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы «Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясы», «Дзюдо» федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев «Үздік аккредиттелген спорт федерациясының президенті» аталымдарын иеленді.
«Жамбы ату» ұлттық спорт ойыны федерациясының президенті Еркебұлан Ілиясов («Үздік спорт меценаты») мәрттігімен көзге түсті.
«Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы» аталымы Ғизат Тусупаевқа, «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт әдіскері» атылымы Ерлан Тасболатовқа берілді. Ауыл-аймақ бойынша Дархан Шариғатов та «Үздік нұсқаушы» деп танылды.
Оған қоса Илья Мизерных («Жас және жасөспірімдер құрамындағы спортшы»), Сергей Сергеев («Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы»), Надежда Ким («Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман»), Ақмарал Науатбек («Спортта үздік серпін») сынды сала мамандары марапатталды.
Мақат аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі, Алматы қаласының мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебі, Жамбыл облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы үздік мекемелер қатарына енді.