Эмоциялық интеллект: оны қалай көтеруге болады?

Жарияланды
Эмоциялық интеллект
Эмоциялық интеллект назар аударуға тұратын дүние ме? / shutterstock

 Эмоциялық интеллект адамның бойында бар-жоғы бірден біліне бермейтін дүние. Алайда соңғы кезде оған жиі назар аударылатын болып жүр. Ол қабілет бізге қалай көмектеседі? Оның деңгейін қолдан көтеруге бола ма? Өзіңізде EQ жоғары не төмен екенін қалай біле аласыз? Осының бәрін талдап көрейік.

Эмоциялық интеллект һәм EQ деген не?

         Эмоциялық интеллект деп өзінің де, өзгенің де эмоциясы тани алатын, қалауы мен импульстерін басқара алатын қабілетті айтады. Егер адамда EQ дамыған болса, онда ол оқуда да, жұмыста да мол жетістікке жетеді, келісімге келуге шебер болғандықтан келіссөздерді сәтті өткізеді, басқалардың сезіміне атүсті қарамайтындықтан көпшілік оны жақсы көреді, өзін іштей де сырттай жақсы түсінетіндіктен, ағзасының бүкіл сигналын дер кезінде ұғып денсаулығына жақсы қарайды. Жалпы алғанда ғалымдардың айтуынша, адамда эмоциялық интеллект жоғары болған сайын конструктив қарым-қатынас жасау да, күйзеліс кезінде өзін алып шығу да оңай болады екен. 

         Бұл термин қашан пайда болған? «Эмоциялық интеллект» түсінігі сонау 1920 жылдардан бері қолданыста. Психологтар алғаш пайдаланып бастағаны сол кез. Десе де, ғылыми бағыттағы зерттеулер 1990-жылдары жасап басталған екен. Ол кезде эмоциялық интеллектінің «Майер-Сэловей-Карузо моделі» деген концепциясы жасалған. Осы модельге сүйенсек, эмоциялық интеллект адамға туабітті берілетін қабілеттердің қатарына жатады. Ол адамға эмоциялық ақпаратты өңдеуге көмектеседі деседі.  Майер-Сэловей-Карузо бойынша EQ мынадай негізгі төрт компоненттен тұрады.

         Алғашқысы эмоцияларды қабылдауға қатысты:

  • Адам өз эмоцияларын танып біле алуы керек;
  • Вербал не бейвербал белгілерге қарап, оның ішінде мимикасына, қимыл-қозғалыстарына қарап басқалардың эмоциясын тани алуы керек;
  • Өнер туындыларының түбіндегі эмоциялық ақпаратты қабылдай алуы керек;

         Когнитив жұмыс кезінде эмоцияны пайдалану керек. Бұл — екінші компонент. Мысалы мәселелер мен тапсырмаларды шешкенде не оқытқанда қажет болады. Атап айтқанда:

  • Әр нәрсеге бірнеше тұрғыдан қарап, жан-жақты қарастыра алу керек. Эмоциялар көбіне біздің рационал қабылдауымызға қарсы келіп жатады. Соған байланысты біз әлгі дүниені басқаша көруіміз мүмкін.
  • Бар назарын бір затқа, әрекетке не адамға аудара алу керек. Неғұрлым көп эмоция тудырған сайын біз ол нәрсеге көбірек қызыға бастаймыз.
  • Ақпаратты жақсы есте сақтай алуы керек. Эмоциялар жад жұмысында маңызды рөл атқарады. Сондықтан эмоция тудырған дүниелерді біз өмір бойы есте ұстап жүреміз.

         Эмоцияларды түсіне білу керек. Мұның ішінде эмоцияны үлкен болсын, кішкентай ғана болсын — бәрін ұғуды айтамыз. Соның арқасында мына нәрселерге қол жеткізуге болады:

  • Қазіргі эмоциялық күйіне қарап, оның болашақта не істеуі мүмкін екенін анықтай аламыз.
  • Қатты эмоциялық реакция туындататын жерлерді дөп баса аламыз.

         Эмоцияларды басқара алу керек. Соның ішінде мына қабілеттер бар:

  • Белгілі бір нәтижеге жету үшін эмоцияларымызды бақылауда ұстай аламыз;
  • Жақсы не жағымсыз эмоциялық реакциялар қосамыз;
  • Негатив эмоцияларды қабылдап, өткере аламыз;
  • Басқалардың эмоциялық күйіне әсер ете аламыз.

         Міне, біз атап өткен осы төрт компонент бойында түгел табылған адамды эмоциялық интеллектісі жоғары деп айтамыз.

Эмоциялық интеллект деңгейін қалай анықтауға болады?

         Эмоциялық интеллект деңгейін анықтау үшін түрлі тест пен сауалнамадан өтуге болады. Соның ішінде ең танымал түрлеріне тоқталайық: 

«Мэйер-Сэловей-Карузо» тесті. Қабілеттер моделіне қарап отырып эмоциялық интеллектіні бағалайтын ең күрделі және салмақты тест. Ол 8 бөлімнен тұрады. Жалы сұрақ саны — 144. Әр сұрақтың дұрыс және бұрыс деген нұсқасы бар. Тест тапсырған соң қанша ұпай жинағаныңызды есептейсіз. Бірақ ол ұпайлар адамның өзін-өзі бағалауына, аффект жағдайына, басқалардың алдында түр жасап, жақсы көрінуіне байланысты болмайды. Сондықтан оның нәтижесі дәл деп айтылады. Бірақ тест қорытындысын психологпен бірге отырып талдау керек.

SREIT әдістемесі. Ол да Джон Мэйер мен Питер Сэловейдің жұмыстарына негізделіп құрастырылған. Бірақ ол тест емес, сауалнама. Үш түрлі шкалаға бөлінген 33 мәлімдемеден тұрады. Атап айтқанда, эмоцияларды бағалау және көрсету, эмоцияларды реттеу, эмоцияларды пайдалану. Сауалнаманың нәтижесі дәлме-дәл шығуы үшін жауап беріп отырған адам шын жауап беруі керек. Егер жұрт не ойлайды деп жауап берсе, қорытындысы дұрыс шықпайды.  

Дмитрий Люсиннің «ЭмИн» тесті. Өзіңіздің және өзгелердің эмоциясын қаншалықты түсіне алатыныңызды көрсетеді. Алты бөлімге бөлінген 46 мәлімдемеден тұрады. Мысалы «өз эмоцияңды тану» не «басқалардың эмоциясые интуитив түсіну» дегендей.   

Кимберли Бачардтың тесті. Эмоциялық интеллектінің белгілі барлық аспектісін қамтыған тест деуге болады. Оның ішінде Гоулман концепциясына кіретін барлық аспект бар. Эмоцияларға сүйене отырып шешім қабылдау қабілетінен бастап, эмоцияларға мұқият болуға дейін қамтылған 7 шкаладан тұратын 68 мәлімдемеден тұрады. 

         Есте ұстау керек маңызды нәрсе — ол сауалнама яки тест тапсырған адамның жауаптарына қарай нәтиже де солай шығады. Яғни егер басқалардың көзінше жаман көрініп қаламын деп өтірік жауап берсе, қорытынды да қате шығуы мүмкін. Одан қала берді адам баласы өзіне объектив баға бере алмайды. Мұндай нәрсе жиі кездеседі. Сауалнамада берген жауабы мен өмірде әр жағдайда өзін-өзі ұстауы сәйкес келмеуі де ғажап емес.

Неге кей адамдарда эмоциялық интеллект төмен болады?

         Генетикаға байланысты. Осы бағытта жасалған зерттеулерге сүйенсек, эмоциялық интеллект қанмен берілуі мүмкін. Бұл интеллект кез келген адамда бар. Бірақ оның деңгейі әркімде әр түрлі. Әрі көп жағдайда ол генетикаға тікелей байланысты болып шығады.

         Тәрбиеге байланысты. Эмоциялық интеллектінің деңгейі жоғары не төмен болуына көп жағдайда ата-ана себепші болады. Себебі өсіп келе жатқан балаға сезімдерін жеткізу, басқалардың эмоцияларын танып, түсінуді бірінші болып үйрететін — солар. Егер эмоция қайдан шығады, нені білдіреді деген сұрақтарға жауап беріп, ұғындыра алса керемет. Олай болмаса, өскенде әлгі баланың эмоциялық интеллектісі төмен болуы әбден мүмкін.  

Эмоциялық интеллектінің төмен болғаны жақсы емес

         Жақсы емес, жаман деп қана қоймай, эмоциялық интеллектінің төмен болғаны қауіпті. Өйткені ондай адамдар қасындағы адамның сезімдерін түсіне алмайды, мәміле жасасуға қабілеті төмен болады. Қарсы алдындағы адамды тыңдай алмайды, мәселесіне үңілмейді. Бар болғаны өз күйін ғана күйттеп үйреніп қалған болып шығады. Қауіпті дейтін себебі — эмоциялық интеллектісі төмен адамдарда агрессия көп болады да, айналасындағыларды бұқаша сүзіп, буллиң жасауға құмар келеді. Сонымен бірге эмоцияларын ұстай алмайтын адамдар депрессияға жиі батып кетеді. Психикалық бұзылыстары көп болуы мүмкін. Ол аздай, психобелсенді заттарға тәуелді болуы мүмкін. 

Интеллектіні қалай көтеруге болады?

         Бұрын эмоциялық интеллектіні туабітті қабілет деп санағандықтан, оны дамытуға болмайды деген пікір болған еді. Дегенмен кейінгі жасалған зерттеулерде интеллектіні көтеру адамның қолынан келеді деген тұжырым жасалды. Сондай әдістемелердің бірін Йельдегі эмоциялық интеллектіні зерттеумен айналысатын орталықтың психологы Марк Бракет жасап шығарған. Ол бес қадамнан тұрады:

  • Бірінші қадам: сезіну. Не сезініп тұрғаныңызды дөп басып түсіну оңай емес. Қатты эмоцияларды адамдар көбіне басып тастауға бейім болады. Міне, сондайды түзеу үшін Бракет «Көңіл-күй көрсеткіші» деген техниканы қолданып көруге кеңес береді. Ол қалай жасалады? Бастысы, өзіңізге мынадай екі сұрақты қоюыңыз керек: Бұл эмоция қаншалықты қарқынды болып тұр? Бұл эмоция қаншалықты жағымды болып тұр? Айталық, интенсив әрі жағымды эмоциялар деген — қуаныш, әлденені елегізіп күту, оптимизм. Ал әлсіз, бірақ соншалықты жағымсыз да емес эмоциялар деп сағыныш, мұңаюды айтамыз. Ал енді мазасыздық, ашу, көңіл қалу деген сезімдер интенсив әрі жағымсыз эмоцияларға жатады. Тыныштық, қанағаттану болса, жағымды, бірақ онша қарқынды болмайды. Осылай санаттарға бөліп алған оңай. Өйткені осылайша эмоцияларыңыздың қандай санатқа жататынын анықтау жеңілдейді. Анықтап алғаннан кейін енді ол эмоцияларды не істеу керегін біле бастайсыз. 
  • Екінші қадам: түсіну. Сонымен эмоцияның түрін анықтап алдық. Енді одан кейін оның шығу төркінін табуымыз керек. Бракет ол үшін мына сұрақтарды өзіңізге қою керек дейді:
  • Дәл қазір не жағдай болды?
  • Осы эмоция пайда болғанға дейін мен не істеп жаттым?
  • Осы эмоцияға байланысты болуы мүмкін, таңертең не кеше түнде қандай жағдай болды? 
  • Осы эмоция пайда болған жер не жағдай туралы мен енді қалай еске аламын? Қандай естеліктер қалды?

         Эмоцияны тудырған себептерді тауып, түсінген кезде оны басқару да жеңілдей түседі.

  • Үшінші қадам: атауын іздеп табу. Эмоцияны анықтап алған соң, оның себебін іздеп тауып, дұрыс анықтамасын білуіміз керек. Көпшілігінде сезімдерді сипаттауға сөздік қор жеткіліксіз болып жатады. Мысалы бір адамдарда «көңілсіз», «қуанышты», «ашулы», «үрейлі» дегендей сын есімдер ғана болады. Бірақ шын мәнінде адам сезімін сипаттағысы келсе, ондай сөз жетіп артылады. Бар болғаны көпшілік оны қолданбайды. Бір адамдар тек «жаман» және «жақсы» деп қана бөліп жатады. Зерттеулерге қарасақ, біз неғұрлым сезімді дөп сипаттай алатын болсақ, соғұрлым оларды оңай басқара алады екенбіз. Мысалы былай елестетейік: сізде дәл қазір жағымсыз эмоция мен сезім тұнып тұр. Оған қоса шаршағаныңыз да бар. Оған «күйзеліс» немесе «көп жұмыс істеп қойғаныңыз» себеп болуы мүмкін. Мұндайда осы екі күйдің қайсысы екенін анықтау керек. Өйткені одан кейінгі қаамдар осыған тікелей байланысты. Егер сіз жай ғана жүктемеңіз көбейгеннен шаршап тұрсаңыз, бар болғаны жұмысты сәл азайту керек деген сөз. Ал енді сізде шаршау емес, күйзеліс болса, онда жұмыс күрделене түседі. Оның қайдан шыққанын анықтап, тігісін жатқызуды ойлайсыз. Қолыңыздан келмей қйса, онда стресті азайтатын тәсілдерді пайдаланып, бейімделуіңіз керек болады.  
  • Төртінші қадам: эмоцияны көрсету. Бракеттің айтуынша, эмоция дегенді, оның ішінде негатив эмоцияны іште сақтамау керек. Әйтпесе, ол біртіндеп күшейе береді де, бір кезде жанартау секілді атқылап шығады. Сөйтіп соның салдарынан біреумен қатты ұрсысып қалып, ақыр аяғында екі жаққа кетісуіңіз де мүмкін. Бірақ эмоцияны сыртқа шығару керек екен деп лақ еткізіп төге салуға тағы болмайды. Өйткені эмоцияны білдірудің реті болады. Басқалардың көңіліне тиіп кетпейтіндей, өзіңізге кесірі болмайтындай жеткізіп үйренуіңіз керек. Әсіресе, қарсы тараппен қандай қарым-қатынаста екеніңізге көп нәрсе байланысты. Мысалы сіз жұмыста бастығыңызбен досыңызбен сөйлескендей сөйлеспейсіз. Эмоция шығарған кезде де бәрін жүйелеп, шегелеп, фактілерге сүйеніп жеткізесіз.  
  • Бесінші қадам: эмоцияларды реттеу. Бұл қадамда қарым-қатынас пен эмоцияларымыз бізге мақсатымызға жетуге көмектесуі үшін өз сезімдерімізді ұстау айтылады. Кемінде мақсатыңызға жетер жолда эмоцияларыңыз сізге кедергі келтірмеуі керек. Бұған көмектесетін түрлі әдістеме бар. Солардың бірі — тыныс алу жаттығулары. Негатив эмоциялар қатты шығып тұрған кезде қалыпқа келуге көмектесетін бірден-бір әдіс. Терең тыныс алып, демалуды үйреніңіз. Бірақ бұдан да жеңіл тәсілдер бар. Мысалы Бракет негатив эмоциялар тужыратын жерлер мен жағдайлардан барынша алыс жүрген жөн дейді. Мысалы «сізге көршіңіз ұнамай ма? Онда онымен жолықпаудың қамын жасаңыз» дегендей кеңестер айтылады. Э

EQ көтеру оңай шаруа емес

Бірақ тұрақты түрде жұмыс істеп тұрсаңыз, бірнеше айдан кейін-ақ нәтижесін көре аласыз. Ол үшін мына үш кезеңге бөліп істеуге болады:

  • Мотивация іздеңіз. Егер сіз стресс кезінде көп ашуланып, қорқып не ренжіп қала беретін болсаңыз, онда өзіңізді өзгертуге мотивация іздеңіз. Айталық, сіз қатты ашулана бергеннен сүйікті адамыңызбен араңыз алшақтай береді. Бұлай жалғаса берсе, ол сізді сол күйі қабылдамай, ат құйрығын кесісуі мүмкін. Ондай болғанын қаламасаңыз, демек сізге өзгеру керек. Соның ішінде негатив эмоцияны басқаруды үйренуге мотивация аласыз.    
  • Жаңа әдет қалыптастырыңыз. Бала кезден бері бойыңызда қалыптасып қалған ашу реакциясын бір жол деп қарасақ, енді сол жағдайда басқаша қабылдауды үйренуді жаңа жол деп қарастырсаңыз болады. Сөйтіп қатты ашу қысқанда өзіңіз білетін жолмен емес, жаңадан салынған көпір жақпен жүріп өтемін деп ойлаңыз. Айталық, балаңыз сабақтан нашар баға алып келе береді. Сіз оған ашуланасыз. Содан қатты айғайлап, ұрасыз. Енді жаңа әдет тәсілі арқылы келесіде сондай кезде айғайламай, тежеліңіз. Балаңызбен далаға шығып жүріп қайтыңыз, болмаса басқа бір тақырып туралы сөйлесіп көріңіз. Осылайша әр түрлі реакция көрсетіп байқап көруге болады. Түбінде стрестен шығудың жұмсақтау жолын табасыз. Басында қиын болуы мүмкін. Бірақ біртіндеп бойыңыз үйренеді. Содан әдет болып қалыптасады. Бастысы сіздегі мотивация өте үлкен болуы керек. Сонда бастапқы жолдан тайқымай, өзгеруге ұмтыласыз.
  • Кері байланыс керек. Мысалы басқаша реакция білдіремін деп бірнеше рет тырыстыңыз. Бірақ қолыңыздан келмеді делік. Ондайда басқа біреудің пікірін тыңдап көру керек. Себебі сіздің қойған бағаңыз — субъектив. Өзіңіз жайлы жақсы ойлап, «мен кереметпін. Бәрі дұрыс істеп жатырмын» деуіңіз мүмкін. Бірақ шынында басқаша болып шықса ше? Пікірді әріптесіңізден, жетекшіңізден, жақын адамыңыздан, коуч не психологтан алсаңыз болады. Ол сіздің реакцияларыңызды бақылайды да, барынша объектив фидбәк береді.   
Сондай-ақ оқыңыз