NASDAQ-тың 2025 жылғы басты аутсайдерлері, Америкалық банктер ФРЖ-ны сотқа берді

Жарияланды
nasdaq
Фото: Shutterstock

NASDAQ индексі бойынша Tesla, AppLovin және Netflix 2025 жылы негізгі аутсайдерлерге айналуы мүмкін. Америкалық банктер стресс-тестерге байланысты Федералды резерв жүйесіне қарсы сотқа шағым түсірді. Әлемдік экономиканың баяу өсуі ФРЖ-ны пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге мәжбүр етуі мүмкін. 24 желтоқсандағы әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыз.

NASDAQ-тың 2025 жылғы басты аутсайдерлері

CNBC мәліметінше, келесі жылы Tesla, AppLovin және Netflix секілді компаниялардың акциялары төмендеуі мүмкін. Өйткені олар айтарлықтай жоғары бағаланған.

NASDAQ индексі бойынша ең көп шығынға ұшырауы мүмкін компания – Tesla. LSEG сауалнамасына қатысқан сарапшылар оның акциялары 35%-ға төмендеуі мүмкін екенін айтты. Компания акциялары Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланғаннан кейін 80%-ға өскен-ді. Tesla компаниясы электрмобильдер сатылымын арттыра ала ма немесе толық автономды жүргізу жүйесіне рұқсат ала ма, әлі белгісіз.

AppLovin акциялары 2024 жылдың басынан бері 765%-дан астам өсім көрсетті және компанияның капиталын 5 млрд долларға арттырды. Компанияның үшінші тоқсандағы кірісі мен табысы болжамдардан асып түссе, төртінші тоқсанға арналған болжамдар да жоғарылаған. Акциялардың консенсус бағасы шамамен 4%-ға төмендеуі мүмкін.

Netflix платформасы да шамадан тыс бағалануы ықтимал. Ал оның акциялары шамамен 8%-ға төмендейді деп күтіліп отыр. 2024 жылы акциялар 88%-ға өскен болатын.

2025 жылы NASDAQ-100 индексінің басқа да аутсайдерлері ретінде Marriott International қонақүй операторы мен Apple компаниялары аталды. Олардың акциялары шамамен 4%-ға төмендеуі мүмкін.

АҚШ қор нарықтары Рождество қарсаңында өсе бастады

Негізгі америкалық индекстер сейсенбі күнгі сауданы өсіммен аяқтады: Dow 1,07%-ға, S&P 500 1,84%-ға, ал NASDAQ 2,34%-ға артты. Капиталы үлкен компаниялар Рождестволық сессия барысында жақсы нәтижелер көрсетті. Үш индекс те ең жоғары деңгейге жетіп, «Санта-Клаус раллиін» бастады.

S&P индексіндегі ең жылдам өсіп жатқан сектордың бірі – «Таңдаулы жетілік» компаниялар тобы. Tesla акциялары 7,4%-ға өсіп, Broadcom, Nvidia және Arm Holdings акциялары сәйкесінше 3,2%, 0,4% және 3,9%-ға көтерілді.

«Бұл сектордың жаңа жылды сәтті еңсере алатынын дәлелдейді», – дейді Allianz Investment Management компаниясының инвестиция бойынша аға стратегы Чарли Рипли.

Әлемдік экономикадағы әлсіздік пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге мәжбүр етеді

Market Watch басылымының жазуынша, Еуроаймақ экономикасының қысқаруы ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл мен оның әріптестерін 2025 жылы пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге мәжбүр етеді. Егер бұл жүзеге аспаса, әлемдік әлсіз көрсеткіштер капиталдың АҚШ-тың қазынашылық облигацияларына ағылуына әкелуі мүмкін. Бұл өз кезегінде олардың табыстылығының төмендеуіне себеп болады, дейді Navellier & Associates инвестициялық директоры Луи Навелье.

Жаһандық деңгейде пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі енді ғана басталды. Оның айтуынша, Еуропа орталық банкі 2025 жылы мөлшерлемелерді төрт немесе бес рет төмендетіп, оларды 2-1,75% деңгейіне жеткізуі мүмкін.

Еуроаймақтың ең ірі экономикасы – Германия тоқырауға батып барады. Ал екінші ірі экономика – Франция да тоқырауға ұшырауда. Оның үстіне екі ел де саяси дағдарысты бастан өткеріп жатыр. Қытайдағы экономикалық қиындықтар аясында тек АҚШ әлемдік экономиканың өсіміне қозғаушы күш болып қалып отыр.

Дегенмен, ФРЖ-ның желтоқсандағы мөлшерлемелер туралы шешім қабылдауы барысында басқарма ішінде келіспеушіліктер анықталды. Басқарма мүшелерінің барлығы АҚШ экономикасының жағдайын бірдей бағалай алмады. Сондықтан болашақтағы қадамдар айқын емес.

Америкалық банктер ФРЖ-ға қарсы сотқа шағымданды

Bloomberg мәліметінше, банктер мен іскер топтар ФРЖ-ның жыл сайынғы стресс-тесттері бойынша сотқа шағым түсірді. Олар бұл критерийлердің «айқын емес», «құпия түрде әзірленген» және банктік капиталға «түсініксіз талаптар мен шектеулер» енгізетінін мәлімдеді. Бұл қаржылық қызметтердің құнына әсер етуде.

Колумбус қаласы (Огайо штаты) сотына берілген ұжымдық шағымда 2024 жылғы стресс-тестте, сондай-ақ 2025 және 2026 жылдарға арналған нұсқаларда қолданылған модельдер мен сценарийлерді заңсыз деп тану сұралды. Болашақта қолданылатын модельдер көпшілікке жария етіліп, түсіндірілуге тиіс деп талап етілді.

«ФРЖ директорлар кеңесінің ашықтығының жоқтығы банктік капитал талаптарына айтарлықтай және болжап болмайтын өзгерістер енгізуде. Бұл банктердің капиталды тиімді пайдалану мүмкіндігін төмендетеді», – делінген шағымда.

Айта кетейік, стресс-тест – банктердің «қаржылық денсаулығын» тексеру үшін жыл сайын өткізілетін сынақ. Қазіргі уақытта ФРЖ-ға банктер ғана емес, сонымен қатар Дональд Трамптың болашақ әкімшілігі де қысым жасауда. Нарық қатысушылары реттеуді жеңілдетуді талап етіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз