Жаңалықтар

Тау-кен саласы емес: 2024 жылы Қазақстан экономикасының қай салалары өсім байқатты?

Қазақстан экономикасы өсті ме?
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2024 жылы Қазақстан экономикасының көлік, сауда, құрылыс және ауыл шаруашылығы салалары өсім байқатқан. Ел бюджетін ұзақ жылдар қомақты салығымен толықтырып келген тау-кен өнеркәсіп саласы биыл аса өспеген. Оған биыл мұнай өндірісінің 2 пайызға қысқаруы себеп.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының жазуынша, биыл осы салалар ел экономикасының негізгі драйверіне айналған. 11 айда көлік саласы 8,1 пайызға өсім көрсеткен. Сауда саласы да осы кезеңде 8,2% қосса, құрылыс саласы +10,3% өсім байқатқан. Ауыл шаруашылығы саласы 13,4% өсті.

Қазақстан экономикасы үшін 2025 жылға болжам қандай?

Халықаралық валюта қорының қазан айындағы болжамы бойынша, биыл әлемдік экономиканың өсімі 2,9%-ды құрауы ықтимал. Ал 2025 жылғы өсім 3-%-ды құрауы мүмкін.

Халықаралық сарапшылар Қазақстан экономикасының биылғы өсіміне қатысты болжамын нашарлатқан. Бұл болжамында сарапшылар әлемдік нарықта шикізат бағасының төмендеуі мен мұнай өндірісінің қысқаруына сүйенген.

Десе де, 2025 жылы шетелдік сарапшылар Қазақстан экономикасы 4,6%-ды құрайды деп тұжырымдайды. Оған Теңіз кен орнында өндірілетін мұнай көлемінің артуы ықпал етпек. Қазақстан 2025 жылы 97,2 млн тонна мұнай өндіруге ниетті. Соның нәтижесінде Ұлттық экономика министрлігі экономика 5,6% өсім көрсетеді деп болжайды.

Келер жылы Қазақстан Теңіз кен орнын кеңейту жобасын аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл жоба аяқталған соң, өндірілетін мұнай көлемі де артады.

ҰЭМ болжамы бойынша, 2025 жылы тауар экспорты 82,3 млрд долларды, ал импорт 63,1 млрд долларды құрайды. Алайда қазіргі шот дефицитінің 4,1 млрд доллардан 6,4 млрд долларға дейін артуы – теңге бағамына қысым көрсететін негізгі фактор болып қала бермек.