Ақтауда ұшақ апатына байланысты Жаңа жыл қарсаңындағы салтанатты шара өтпейді
Маңғыстау облысы Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апатына байланысты қалада Жаңа жылдық шырша шамдарын жағу салтанатты шарасы кейінге қалдырылды.
«Ақтау маңындағы ұшақ апатына байланысты бүгін жоспарланған облыс орталығындағы жаңа жылдық шыршаны жағу рәсімі кейінге қалдырылды», – делінген қала әкімдігінің хабарламасында.
Айта кетейік, 25 желтоқсан күні Ақтау қаласы маңында Azerbaijan Airlines компаниясының Бакуден-Грозный бағытында ұшып бара жатқан Embraer 190 ұшағы апатқа ұшыраған. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бортта болған 69 азаматтың ішінде 29 адам Маңғыстаудағы ауруханаларға жеткізілген. 11 адам ренимацияға түсіп, 2 бала операцияға дайындалып жатыр. Әзірбайжан көлік министрлігі экипаж мүшелерінің қайтыс болғанын хабарлады. Ресейлік Baza басылымының жазуынша, 4 адам қайтыс болған, оның ішінде бір қазақстандық бар. Жалпы бортта Қазақстанның 6 азаматы болған.
Ақтауға Әзербайжан Үкіметі жанынан құрылған арнайы делегация келген. Төтенше жағдайлар министрі бастап келген делегация құрамында құтқарушылар, психологтар, прокурорлар бар.
KursivMedia өңірлердің Жаңа жылдық безендіруге қанша қаржы жұмсағаны туралы жазған еді. Ақтау қаласы безендіруге 76 млн теңге бөлген.