Ақтауда ұшақ құлады. Желіде жария болған видеоға сүйенсек, ұшақ Ақтау әуежайына жақын жерде құлаған болуы мүмкін.
Қазақстан Көлік министрлігі ұшақ Azerbaijan Airlines авиа компаниясының Әзербайжан астанасы Бакуден Ресейдегі Шешенстан астанасы Грозныйға ұшып бара жатқан рейсі екені жайында ақпарат берді.
Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, Ақтаудағы ұшақ апаты болған жерге 52 құтқарушы мен 11 төтенше жағдайлар техникасы жеткізілген. Құтқарушылар келгенде, әуе кемесі жанып жатқан. Олар отты сөндіруді бастаған.
«Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ақпарат нақтылануда, тірі қалғандар бар екендігі алдын-ала хабарланды», – делінген министрлік ақпаратында.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бортта 106 адам болған, оның ішінде 6 адам қазір ауруханаға жеткізілген. Өзге азаматтар туралы ақпарат толықтырылады. Министрлік арнайы санитарлық авиация ұшағымен Ақтауға операция жасауы тиіс дәрігерлерді жеткізеді.
Әзербайжан басылымдарының жазуынша, Баку-Грозный бағытындағы №J2-8243 рейсін Embraer 190 ұшағы орындаған. Ұшақ Ақтау қаласынан 3 шақырым жерде құлаған. Ұшақ бортында 67 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.
Ресейлік Baza басылымының ақпаратына сүйенсек, ұшақ бортында Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары болған. Басылым бортта болған жолаушылар тізімін жариялады.
Әзербайжандық OLKӘ басылымының жазуынша, ұшақ топтаса ұшқан құстармен қақтығысқандықтан, шұғыл Ақтау маңына қонуға мәжбүр болған.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі жанынан жедел штаб құрылған. Сенім телефоны жария болды: 8/7292/319099