Ақтау маңында Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы құлағаннан кейін, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ТМД саммитіне қатыспай Бакуге оралады. Бұл туралы Риа Новости басылымы жазды.
Әлиев ТМД елдері басшыларының саммитіне қатысу үшін Ресейдің Петербор қаласына келген. Алайда Қазақстандағы ұшақ апатынан кейін еліне оралатын болған. Әзірге Әлиев апатқа байланысты пікір білдірген жоқ.
Әлиевтің тапсырмасымен ұшақ апаты болған аймаққа Әзербайжан мемлекеттік органдардың өкілдерінен құрылған делегация келеді.
«Цифрлық даму және көлік министрі, төтенше жағдайлар министрі, бас прокурордың орынбасары, денсаулық сақтау министрінің орынбасары, мемлекеттік азаматтық авиация агенттігі директорының орынбасары, AZAL компаниясының вице-президенті және басқа да бейінді мемлекеттік органдардың өкілдері жолға шықты», — делінген үкімет хабарламасында.
Қазақстан Үкіметі де істі тергеу үшін мемлекеттік комиссия құрғанын хабарлаған. Қазақстандық комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы мен бас көлік прокуроры енген.
Ақтауда құлаған ұшақ Әзербайжан астанасы Бакуден Ресей қарамағындағы Шешенстан астанасы Грозныйға ұшып бара жатқан.
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров ұшақ апатынан байланысты қайтыс болған азаматтардың туыстарына көңіл айттты.
«Бакуден Грозныйға ұшып келе жатқан Azerbaijan Airlines компаниясының лайнері Ақтауда апатқа ұшыраған. Қаза тапқан жолаушыларының туыстарына көңіл айтамын. Өте ауыр жағдайда тірі қалғандар бар. Алладан олардың сауығып кетуіне дұға етеміз»,-деп жазды Қадыров өзінің Telegram-арнасында.
Ресей президенті Владимир Путин ұшақ апатына байланысты пікір білдірген жоқ.
Ресей Росавиация қызметінің ақпаратына сүйенсек, апат Мәскеу уақытымен 09:30 шамасында (Астана уақытымен 11:30) болған.
«Алдын ала болжам бойынша әуе кемесі бір топ құспен соқтығысқаннан кейін командирі қосалқы әуежайға қону туралы шешім қабылдап, Ақтауды таңдаған», – делінген хабарламада.