Жаңалықтар

Тоқаев Ақтауда Әзербайжан ұшағы құлағаннан кейін Әлиевке көңіл айтты

Тоқаев Ақтауда Әзербайжан ұшағы құлағаннан кейін Әлиевке көңіл айтты
Тоқаев Ақтауда Әзербайжан ұшағы құлағаннан кейін Әлиевке көңіл айтты / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау маңында Әзербайжан ұшағы құлауына байланысты Ильхам Әлиевке көңіл айтып жеделхат жолдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Тоқаев ұшақтың апатқа ұшырауы мен экипаж мүшелері, жолаушылардың қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдаған.

«Орны толмас ауыр қайғыға ортақтаса отырып, сізге, қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына және барша Әзербайжан халқына көңіл айтамын. Менің тапсырмаммен Қазақстан Үкіметі мемлекеттік комиссия құрды. Комиссия құтқару операциясы аясында тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына қажетті көмек көрсетеді», – делінген жеделхатта.

Осыған дейін Әзербайжан президентінің Петербордағы ТМД елдері басшыларының саммитіне қатыспай Бакуге оралғаны туралы жазған едік.

Әзербайжан президентінің тапсырмасымен Үкіметі жанынан құрылған арнайы делегация Ақтауға келген. Әзербайжан төтенше жағдайлар министрі бастап келген делегация құрамында құтқарушылар, психологтар, прокурорлар бар.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен Әзербайжаннан келген делегация құтқару операциясы аясында жасалатын шараларды пысықтады.

Ильхам Әлиевке Ресей президенті Владимир Путин де көңіл айтып, құтқару жұмыстарына көмектесу үшін Ресейден Қазақстанға медициналық құрал-жабдықтар мен дәрігерлерді жіберетінін айтты.

«Қазақстан президентінің келісімі бойынша Ақтауға медициналық персоналы мен қажетті қосымша жабдықтары бар Ресей ТЖМ ұшағы ұшады», – деді Путин сәрсенбіде ТМД елдері басшыларының кездесуінде.

Маңғыстау облыстық полиция басқармасының ақпаратына сүйенсек, облыстың медициналық мекемелеріне 29 адам жеткізілген. Қазіргі таңда 11 адамның реанимация түскені белгілі. Зардап шеккендер арасында 2 бүлдіршін бар, олардың операцияға дайындалып жатқаны белгілі.