Жаңалықтар

Түркия Сириямен теңіз шекараларын белгілеу туралы келісім жасауға ниетті 

Түркия Сириямен теңіз шекараларын белгілейді
Түркия Сириямен теңіз шекараларын белгілейді / Фото: Depositphotos

Түркия Дамаскіде тұрақты үкімет құрылғаннан кейін, Сириямен теңіз шекараларын белгілеу туралы келісім жасамақшы. Бұл туралы елдің көлік министрі Абдулкадир Уралоглу айтты.

Reuters ақпаратына сүйенсек, Түркия Сирияның жаңа әкімшілігімен теңіз шекараларын белгілеу туралы келісімге келу үшін жақын арада кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. 

Министрдің сөзінше, теңіз кеңістігін демаркациялау туралы келісім халықаралық құқыққа сәйкес келеді және екі елге мұнай мен көмірсутектерді барлау өкілеттіктерін бөліп алуға мүмкіндік береді.

Уралоглу Сирияның қазіргі уақытша Үкіметімен тығыз байланыста екенін айтқан. Ал Түркия президенті Тайып Ердоған Анкара Сириямен, оның ішінде сауда, энергетика және қорғаныс саласындағы байланыстарды жақсартуға ниетті екенін айтты.

Turkiye басылымының жазуынша, Түркия Сирияның қазіргі Үкіметімен келісім аясында елде әлеуеті 300 мың адам болатын әскер құруға ниетті. Жоспар бойынша Сириядағы сайлаудан кейін жаңа Үкімет құрылғанда 80 мың тұрақты әскер пайда болады. Оларды дайындау мен қаруландыруға Түркия көмектеседі. Әскердің санын біртіндеп 300 мың адамға көбейту жоспарланған.

7 желтоқсанда Түркия қолдайтын Сириядағы саяси-әскери оппозиция көтеріліп, бірнеше қаланы басып алды. 8 желтоқсанда олар ел астанасы Дамаскіге басып кіріп, Башар Асадты қолдайтын әскер елорданы тастап кеткен. Асад қызметінен кеткенін жариялап, отбасымен бірге Мәскеуге қашып, саяси пана алған.