Алматының кей аудандарында 12 қабаттан асатын ғимараттар салуға тыйым салынады

Жарияланды
строительство
Алматының рекреациялық аймақтарында 12 қабаттан асатын ғимараттар салуға тыйым салынады / Аскар Ахметуллин, бильд-редактор: Милош Муратовский

Алматының рекреациялық аймақтарында биіктігі 12 қабаттан асатын ғимараттар салынбайды. Бұл туралы Алматы қалалық мәслихатында  Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтты.

«Мегаполистің сейсмикалық қауіпті орналасуын ескере отырып, біз қатаң шектеулер мен құрылыс талаптарын енгіземіз. Негізгі жаңашылдық – нүктелік құрылысқа, аула мен рекреациялық аумақтарда және 12 қабаттан жоғары құрылысқа тыйым салынады», – деді Әмрин.

Вице-министр жаңа Қала құрылысы регламенті бекітілетінін айтты. Регламент 2040 жылға дейін Алматы қаласының бұрын бекітілген Бас жоспарына сәйкес енгізіледі. Жаңа регламентке сәйкес, қалада 5 полицентр орталығы бір деңгейде дамып отырады. Сондай-ақ су қорғау аймақтарының, ерекше қорғалатын қала нүктелерінің карталары әзірленеді.

«Аталған карталар қала аумағында және жекелеген аудандарда қала құрылысына шектеулер белгілейді», – дейді Әмрин.

Алматы қаласы әкімінің бұйрығымен сәулетші – қалалық жоспарлау және урбанистика басқарма басшысы Нұрлан Боранбаев сейсмикалық қауіпті аймақтарда да ғимараттардың биіктігі арнайы нормалармен шектеліп отыратынын айтты. Айтуынша Алматыда тектоникалық аса қауіпті деп саналатын 17 аймақ анықталған. Әсіресе, тез шөгетін сазды топырақтан тұратын қаланың шығыс бөлігі қауіпті аймақ саналады. Солтүстікте, Райымбек көшесінен төменгі аймақтарда жер асты сулары жақын орналасқан. Сондықтан бұл жерлер де жер сілкінісінің қуаты 9-10 балға дейін жетуі мүмкін деп болжанады.

«Сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бұл жерлерде бой көтеретін ғимараттардың биіктігін регламенттеу керек. Абай көшесінің оңтүстігінде, әл-Фараби көшесінің солтүстігінде, Яссауи көшесінің шығысында ғимараттардың биіктігін 9 қабаттан немесе 35 метрден асырмау көзделіп отыр», – деді Боранбаев.

Сондай-ақ оқыңыз