Депутат Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдерді заңсыз жұмысқа тартқандарды қатаң жазалауды сұрады

Жарияланды
Жаңа жылдық безендіруге
Шырша Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Депутат Жұлдыз Сүлейменова «Педагог туралы заңды» бұзып, мұғалімдерді заңсыз жұмысқа тартқандарды қатаң жазалауды ұсынды.

Семейде Жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде мұғалім ауыр жарақат алғаннан кейін, депутат заңның сақталуын қатаң қадағалау қажет деп санайды.

«Педагог туралы заң өрескел бұзылды. Сол үшін бұл заң талаптарын бұзған әрі мұғалімдерді заңсыз жұмысқа салғандар қатаң жазалану керек. Бүгінгі таңда мектеп директорлары мен білім бөлімінің басшылары ғана жауапқа тартылған. Бұл әділетсіз әрі қисынсыз деп санаймыз. Сондықтан осы шешімді берген барлық тұлға анықталып, жауапкершілікке тартылсын», – деді депутат.

Бұдан бөлек депутат педагог жарақатын өндірістіқ жарақат деп танып, өмір бойы өндірістік жарақатқа берілетін төлем тағайындауды ұсынды.

Сонымен бірге Сүлейменова елдің барлық облысындағы орта мектептерде ұстаздардың заңсыз жұмысқа тартылу жағдайлары тексеріліп, педагогтердің құқы мен қауіпсіздігі қамтамасыз етілу керек деп санайды.

«Жарақат алған педагог Қуат Айтқалиевтің, құқықтары толық қорғалуын қамтамасыз етуде нақты шаралар қабылдауыңызды сұраймыз», – деді депутат.

Еске сала кетсек, 22 желтоқсанда Білім басқармасының талап етуімен, мектеп мұғалімі заңсыз жұмысқа тартылған. Семейде шырша безендіріп жатқанда ұстаз биіктен құлап, ауыр жарақат алған. Бұл оқиғадан соң, мектеп директоры мен білім бөлімінің басшылары жұмыстан кетті. Сонымен бірге Семей әкімі Нұрбол Нұрсағатов та қызметінен кетті.

Сондай-ақ оқыңыз