Mudarabah Capital ісі бойынша сотталған блогер Мейіржан Төребаев жазасын жеңілдетуді сұрады

Жарияланды
Мейіржан Төребаев
Мейіржан Төребаев жазасын жеңілдетуді сұрап, өтініш білдірген / коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша сотталған блогер Мейіржан Төребаев қалған жазасын жеңілдетуді сұрап, сотқа өтініш білдірген. Алайда Алматы қаласының Түрксіб аудандық соты сотталушының өтінішін қанағаттандырмады. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

«Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты М.Төребаевтың Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 73-бабында көзделген жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңілірек жазамен ауыстыру туралы өтінішін қарады. Барлық мән-жайларды ескере отырып, сот М.Төребаевтың жеке ісінің материалдарын жан-жақты зерттеп, сот қаулысымен өтініш хатты қанағаттандырусыз қалдырды», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Төребаев Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 2023 жылғы 23 маусымдағы үкімімен қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Сот үкімі 2024 жылдың 1 ақпанында заңды күшіне енген.

Негізінен заң бойынша сотталушының жазасын жеңілдету үшін ол келтірілген шығынды өтеуі керек. Бұл талап жазаны жеңілдетудің негізгі критерийі саналады.

Алайда Төребаев келтірген зиян шығынын өтемегені анықталып, соттың оң шешім шығаруына теріс әсер еткен. Айта кетейік, бұл сот ісі бойынша келтірілген шығын көлемі үлкен.

«Сот ісі бойынша азаматтық талаптың жалпы сомасы 814 120 806 теңге, мемлекеттік баж түріндегі сот шығындары 8 060 602 теңге», – делінген баспасөз хабарламасында.

Негізінен Қылмыстық кодекстің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес, онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыру жазасына кесілген адам келтірілген залалды толық өтеген жағдайда және жазаны өтеу тәртібін қасақана бұзбаған жағдайда сот жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыруы мүмкін.

Естеріңізге салайық, 2022 жылғы 20 сәуірде вайнер Мейіржан Төребаев  пен Мейірхан Шерниязов Mudarabah Capital қаржылық пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша қамауға алынды. Тергеу барысында вайнерлердің қаржы пирамидасын жарнамалап қана қоймай, ортақ пайдадан үлес алып отырғаны дәлелденді. Мемлекеттік айыптаушы Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың бас бостандығын 5 жылға шектеуді сұрады.

Ал 2023 жылғы маусымда Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысы бар 12 адам сотталды. Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов кінәлі деп танылып, әрқайсы 5 жыл бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ оқыңыз