Бүгін Баку қаласынан Грозныйға ұшқан Azerbaijan Airlines әуекемесіне тиесілі ұшақ тұманның кесірінен бағытын өзгертіп, Қазақстанның Ақтау қаласының маңына құлады.
KursivMedia Қазақстанда болған ұшақ апаттарын еске түсіріп көрді.
2019 жылы 27 желтоқсанда Bek Air ұшағы Алматы әуежайы маңында апатқа ұшырады. Салдарынан 12 адам қаза болған еді.
2017 жылы 3 қазанда Алматы іргесінде East Wing компаниясына тиесілі Ан-28 ұшағы құлады. Алматы-Шымкент-Алматы бағытындағы ұшақ ішінде Шымкенттегі ауыр хәлдегі әйелге медициналық көмек көрсетуге бара жатқан білікті екі дәрігер және үш экипаж мүшесі болған еді. 5 адам түгелдей қаза болды. Бұл оқиғадан кейін аталған компанияның ұшақтарының ұшуына уақытша тыйым салынды.
2015 жылы 20 қаңтарда Жамбыл облысында Шатыркөл кеніші маңында ұшақ апатқа ұшырады. Балқаштан Шатыркөлге бағыт алған Olimp Air компаниясына тиесілі ұшақ ішінде үш экипаж мүшесі және «Қазақмыс» компаниясының 4 қызметкері болған. Тек бір әйел аман қалып, қалған алты адам қайтыс болды.
2013 жылы 29 қаңтарда SCAT әуекомпаниясының Bombardier CRJ-200 ұшағы Алматы облысы Талғар ауданы Қызылту елдімекенінің маңында құлады. Көкшетау-Алматы бағыты бойынша ұшқан ұшақта 21 адам түгелдей опат болды.
Сонымен қатар 2019 жылы 27 наурызда Қызылорда облысында МИ-8 тікұшағы құлап, 13 әскери адам қаза болды. Олардың төртеуі Ақтауда өткен «Алтын Жебе» атты арнайы бөлімшелердің жаттығуынан келе жатқан еді.
Ақтаудағы ұшақ апатында 6 Қазақстан азаматы қаза болғаны белгілі болып отыр.