Ақтаудағы ұшақ апаты: Үкімет жанынан құрылған комиссия оқиға орнында жұмысын бастады

Жарияланды (жаңартылды )
Бұдан кейін шетелдік әріптестерімен кездесу және штаб отырысын өткізеді/фото: KursivMedia мұрағаты

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия Ақтауға келіп, жұмысын бастап кетті. Ең алдымен ұшақтың құлаған орнына және зардап шеккен адамдар емделіп жатқан ауруханаға барды. Бұдан кейін шетелдік әріптестерімен кездесу және штаб отырысын өткізбек.

Оқиға орнында қазір Төтенше жағдайлар өкілдері, криминалист-сарапшылар, эксперттер шұғыл режимде жұмыс істеп жатыр.

Төтенше жағдайлар министрі Шығыс Әрінов те Ақтауда жүр. Құтқару жұмыстарына 482 адам, 97 техника, 2 тікұшақ және 4 кинолог жұмылдырылған.

Қазақстан, Ресей және Әзербайжан төтенше жағдайлар қызметі өзара бейнебаланыс арқылы ақпарат алмасып жатыр.

Айта кететін жайт, 25 желтоқсан күні Ақтау әуежайы маңында Azerbaijan Airlines компаниясының Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан Embraer 190 ұшағы апатқа ұшырады.  Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына қарағанда, бортта 69 азамат болған. Соның ішінде 29 адам Маңғыстаудағы ауруханаларға жеткізілген. 11 адам жансақтау бөліміне түссе, 2 бала операцияға жатқызылмақ.

Президент Тоқаев әзербайжандық әріптесі Ильхам Әлиевке көңіл айтты.

Сондай-ақ оқыңыз