Әзербайжан президенті 26 желтоқсанда Ақтаудағы ұшақ құлауына байланысты қаралы күн жариялады. Бұл туралы Әзербайжанның мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады.
«Қазақстанда Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының ұшағының апатқа ұшырауына байланысты 26 желтоқсан қара күн болып жариялады», – деп мәлімдеді Ильхам Әлиев.
Сонымен қатар Әзербайжан президенті апаттың себептерін тергеу бойынша мемлекеттік комиссия құру туралы өкімге қол қойды.
Ұшақ апатына қатысты Түрік мемлекеттері ұйымы қаза болғандардың отбасына көңіл айтты.
«Жарақат алғандарға тезірек жазылуын тілейміз. Біздің ой-санамыз бен дұғамыз қайғылы оқиғада зардап шеккен бауырларымызбен бірге. Бұл қайғы тұсында барлық зардап шеккан мемлекет халықтарына көңіл айтып, сабырға шақырамыз», – делінген хатта.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау маңында Әзербайжан ұшағы құлауына байланысты Ильхам Әлиевке көңіл айтып жеделхат жолдады.
Мұның алдында ұшақ апатынан 4 адамның қаза болғаны айтылды. Аман қалғандардың тізімі де шықты. Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, аман қалғандардың ішінде 29 азамат бар, оның екеуі бала.