Жаңалықтар

Депутат Ермұрат Бапи Ресейдің экспансиясына қатысты пікір білдірді

«Экспансияның әсері бар екенін мойындау қажет»/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Депутат Ермұрат Бапи Ресейдің экспансиясы күшейгенін мойындау қажет екенін айтты. Бірақ бұл мәселеге қатысты ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлерді бақылайтын органдар бар екенін алға тартты.

Мәжілістің дәлізінде журналистер депутатқа: «Кейбір сарапшылардың айтуынша, соңғы бір жылда Мәскеудің Астанаға ықпалы күшейген. Кіріптарлық артқанымен келісесіз бе?», – деген сауал қойған болатын.

«Мұны геосаяси жағдайға байланысты мұқтаждық дегеннен гөрі амалсыздық шаралары деп қабылдаған жөн деп ойлаймын. Әлем теңселіп тұрғанда, іргеміздегі елдерде соғыс жүріп жатқанда, бүкіл әлем агрессиялық соғыс деп қабылдап жатқан жағдайда, өзімізді қауіп-қатерге ұшыратуға болмайды», – деді Ермұрат Бапи.

Депутат қоғамда бұл мәселеге қатысты алаңдаушылыққа түсіністікпен қарайтынын айтты.

«Әрине, «Қазақстандағы компаниялардың үлестерін ресейліктер алып жатыр» деген әңгімелер қоғамда жиі сөз болып жатыр. Ондай алаңдаушылықты түсінемін. Қабылдаймын. Экспансияның әсері бар екенін мойындау қажет», – деді депутат.

Ермұрат Бапидің пікірінше, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясат саласында, әсіресе, Ресейге қатысты саясатында дипломатиялық қарым-қатынастың рөлі басым.

«Қазіргі жағдайға, «Қазатомөнеркәсіпке», соғысқа орай Ресейден Қазақстанға көп компаниялар келіп орналасып жатқанына байланысты сауал туындайды. Бірақ ұлттық қауіпсіздікке бұдан қандай залал келгенін қадағалап отырған органдар бар. Өз еліне, халқына қастандық жасауға қажеттілік жоқ деп ойлаймын. Тиісті органдар бағалап, бағамдап, қауіп-қатерлер сараланып отыр», – деді Ермұрат Бапи.  

Қазақстан президенті Тоқаев ресейлік басылым «Известияға» жария еткен мақаласында Ресейдің ел экономикасына 3 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция әкелгенін, 23 мың ресейлік компания Қазақстанда жұмыс істеп жатқанын, тек қана 2023 жылы 4 мыңға жуық компания ашылғанын көрсеткен еді.