Жаңалықтар

Жаңа жылға қай аймақ көп ақша жұмсады?

Жаңа жылға ең көп шығын еліміздегі ең ірі екі қалаға тиесілі болып отыр/фото: KursivMedia мұрағаты

Жаңа жылға қай аймақ көп қаражат жұмсағанын білу үшін KursivMedia облыс және ірі қалалардың әкімдіктеріне сауал жолдады.

Маңғыстау облысының әкімдігі жаңа жылға қанша қаражат бөлінетіні әлі нақтылау қажет екенін алға тартып, биылғы қаржы көлемін көрсетпеді. Өйткені, қаржы бюджетті нақтылау барысында белгілі болмақ. Десе де, былтыр, яғни 2024 жылға жаңа жыл мерекесін тойлауға жергілікті бюджеттен 120 млн 318 мың теңге қаражат бөлінген. Соның ішінде, Ақтау қаласы – 76 млн, Жаңаөзен қаласы – 20 млн, Қарақия ауданы – 17 млн 500 мың теңге, Мұнайлы ауданы – 2 млн 100 мың, Бейнеу ауданы – 4 млн 718 мың теңге бөлген.

«Бұл қаражатқа облыс аумағында жаңа жылдық безендіру жұмыстары (шыршалар, гирляндалар, кіші сәулет формалары) жүргізілген», – дейді әкімдік.

Қызылорда облысы Аяз атаны қарсы алуға 9,4 млн теңге жұмсап отыр. Ал Қызылорда қаласы, аудандар 36,5 млн теңге бөлген. Қосымша шығындарға қалталы бизнесмендер дәмеулік жасайды.

Түркістан облысында Жаңа жыл мерекесіне жергілікті бюджеттен қаржы жұмсамау дәстүрге айналған. Биыл да, жалпы, үш жылдан бері бұл мақсатқа қаржы бөлмеген. Десе де, жаңа жылдық шараларға тек қана демеушілердің көмегіне жүгінеді.

Батыс Қазақстан облысы жаңа жылға 28 млн теңге жұмсайды. Шымкент шаһары биыл жаңа жылға 80 млн теңге қарастырып отыр.  

Жаңа жылға ең көп шығын еліміздегі ең ірі екі қалаға тиесілі болып отыр. Астана қаласы жаңа жылдық шараларға дайындыққа 670 млн теңге бөлсе, еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматы жаңа жылдық безендіруге 800 млн теңге жұмсамақ. Алматы көшелері мен алаңдарына 80-ге жуық шырша құрылса, ұзындығы 4,6 шақырымға созылатын гирлянда қалаға көрік береді.

Қарағанды облысы мен Атырау облысы жаңа жылға бөлінген қаржы туралы есеп беруден жалтарып отыр. Мәселен, Қарағанды әкімдігінің аппараты KursivMedia сауалын облыстық Қаржы басқармасына жіберген. Қаржы басқармасы болса, «құзіретімізге кірмейді» деп қысқа қайырып отыр.

Атырау облысы да түрлі сылтауларды алға тартып, сауалды қабылдамауға ұмтылды.