«Спортты дамыту дирекциясының» директоры 584 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Жарияланды
Агенттік мәліметінше, 2021 жылы ол Батыс Қазақстан облысында футбол мен хоккейді дамытуға бөлінген 161 млн теңге бюджет қаражатын ұрлаған/фото. KursivMedia мұрағаты

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Спортты дамыту дирекциясы» директоры мен оның орынбасарына қатысты тергеуді аяқтады. Бұл мекеме Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетіне қарайды.

Агенттіктің ақпаратына қарағанда, екі шенеунікке кәсіпкерлік субъектілерімін бірігіп, 584 млн теңге бюджет қаражатына қол салды деп күдік келтіріліп отыр. Бұл ақша спорт құрал-жабдықтарын сатып алуға бөлінген. Олар туристік операторлармен аса жоғары баға көрсетіп келісім-шарт жасасқан.

«Бұдан бөлек, кәсіпорын директоры жекеменшік компанияның директоры болған кезінде 2021 жылы Батыс Қазақстан облысында футбол мен хоккейді дамытуға бөлінген 161 млн теңге бюджет қаражатын ұрлаған», – делінген агенттіктің хабарламасында.

Агенттік заңға сәйкес, басқа ақпараттар жариялауға жатпайтынын алға тартып отыр. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны туралы сот үкімі шықпайынша, әр адам кінәсіз деп есептелінеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, Президенттің тапсырмасы бойынша жемқорлықтың жолын кесу үшін жүйелі жұмыстар атқарып жатыр. Агенттіктің ақпаратынша, бүгінге дейін шетелден қайтарылған активтердің құны 670,5 млн доллар болған. Теңгеге шаққанда, 300 млрд-қа жуық қаржы.

Сондай-ақ оқыңыз