Жаңалықтар

Астана білім бөлімінің басшысы Indigo-ны айналып өтіп, пара алды деп күдіктеліп отыр

Астана білім бөлімінің басшысы пара алды деп күдіктелді/Фото: shutterstock

Астана білім басқармасының жетекшісін Indigo жүйесін айналып өтіп, балаларды кезектен тыс балабақшаға қабылдаған деп күдіктенеді. Бұл туралы Сыбайласа жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Данияр Биғайдаров хабарлады.

«Мекеме басшысы бірнеше рет пара алып, Indigo цифрлық жүйесін айналып өтіп, мемлекеттік балабақшаларға балаларды қабылдаған деп күдік бар. Сондай-ақ ол лауазымын пайдаланып, өзі жұмыс істемеген жекеменшік балабақшаға баласын орналастырған», – деді Биғайдаров. Қазір күдіктінің ісі сотқа жіберілді.

Indigo — мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі үйден шықпай онлайн түрде балабақша немесе арнайы орталық таңдауға мүмкіндік беретін сервис.  Оның көмегімен арыз беріп, мобильді телефон арқылы кезекке тұруға болады.

Білім беру саласындағы заңсыздықтар бұл ғана емес. Қаржы министрлігі білім беру мекемелеріне ішкі мемлекеттік аудит жүргізген еді. Зерттеу кезінде 36 мекеменің заңсыз қаржы операциялары жүргізілгені анықталды. Мәселен Ақтөбе қаласындағы орта мектепте есепшінің жалақысы жылына 700 мың деп көрсетілген. Шын мәнінде, картасына ай сайын 3-5 млн теңге аударылған екен.

Ал Қарағандыда мектеп-балабақшада ондаған қызметкерге жалақы берілді деп көрсетілген, бірақ іс жүзінде оны екі есепші өз карталарын аударып алған.