Жаңалықтар

2025 жылы кімдер декларация тапсыратыны белгілі болды

декларация
2025 жылы декларация тапсыратындар анықталды / Фото: shutterstock

Мемлекеттік кіріс комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов журналистерге берген сұхбатында келесі жылы кімдер декларация тапсыратынын мәлімдеді.

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектордың жетекшілері мен олардың жұбайлары, банктер, құнды қағаздар нарығы, сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары және олардың жұбайлары, жеке практикамен айналысатын тұлғалар декларация тапсырады. Сондай-ақ шетелдік банктерде 1000 АЕК-тен артық сомада қаражаты бар тұлғалар және өз-өзін жұмыспен қамтушылар кірісі жайлы құжат өткізуі керек.

Тағы өзгерістің бірі – 2025 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің декларациясы жарияланады. Олар – «А» санатындағы саяси және әкімшілік қызметкерлер, соттар, Парламент депутаттары. Декларация келесі жылдың 31 желтоқсанына дейін тапсырылуы керек.

Кәсіпкерлігін тоқтатқандар немесе бұрын мемлекетте қызметте болғандарға декларация тапсыру қажет емес деп түсіндірді Сейілжан Ахметов.

Айта кетейік, Қаржы министрі Мәди Такиев 8 млн қазақстандықты декларация тапсырудан босатқан еді.  Ол ұсынысты премьер-министр Олжас Бектенов та қолдаған.

«Қаржы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері тіркеу және салықтық бақылау үшін барлық цифрлық базалардан, оның ішінде екінші деңгейлі банктерден мәліметтер алуды қамтамасыз еткені жөн. Сондықтан 2025 жылы азаматтардың қалған санаттарын активтер туралы декларацияларды міндетті түрде тапсырудан босату туралы қаржы министрінің ұсынысын қолдаймын», – деген еді ол.