Популист депутат деген сынға қалған Зайытов бұл жолы Үкімет жұмысын тасбақа жүріске теңеді
Ринат Зайытов жыл қорытындысы бойынша жоспарлаған мақсаттары қалай орындалғанын айтып берді. Депутат іске аспай, түйіні шешілмей қалған мәселелердің де барын жасырмайды. Үкіметпен атқарылған жұмысқа өз бағасын берді. Осы тұрғыда ол Үкіметпен жұмысты тасбақа жүріске теңеп отыр.
Үкіметпен жұмыс- тасбақа жүріс…
Депутат жыл бойы өзінің көздеген жоспары қаншалықты орындалғанын айтты. Шешімін таппаған мәселелер де барын жасырмайды.
«Орындалғаны да, орындалмағаны да бар. Мысалы, 1 жылдан астам уақыт ҰБТ орталығы, тестілеу бойынша көп келіспеушілік болды. Жуырда 2025 жылы барлығы қайтадан тестілеу орталығына қайтарылады деген жауап алдық, бұл да жетістік. Сондай тасбақа жүрістер бар. Иә, негізінде солай бағалаймын«,- деп толықтырды ол.
Ринат Зайытов популист па?
Депутат Зайытов пен оның бірқатар өзге де әріптестеріне популизмге көп барады деген сын айтылып жатады. Журналистер бұл жөнінде де пікірін сұрады.
«Мен онымен келіспеймін. Өйткен популистік ұстаным маған қажет емес. Менің танымал болғаныма 20 жылдан асып кетті«,- деп қысқа қайырды депутат.
Төменгі жалақы 300 мың теңге болсын дегені популистік әңгіме емес пе?
Маған «қанша болу керек?» деген сұрақ қойылды. Менің тарапымнан «кемі осынша болу керек» деген жауап болды. Мен әлі де сол ұстанымдамын. Қазіргі қымбатшылықты, бәрін ескере отырып айтқаным. Үкімет есеп бергенде өтірікті ұрып жібереді ғой. 800-600 мың теңге айлық алып жатыр деп. Сондықтан оны популистік үшін айттым деп ойламаймын. Әлі де ең төменгі жалақы бойынша өзіміздің позициямыздамыз,- деп жауап берді мәжілісмен.
Жасанды интеллект депутаттарды алмастыра ма?
Зайытов «жасанды интеллект болашақта халықтың қалаулысы болған депутаттарды алмастыра ала ма» деген сауалға да жауап берді. Жасанды интеллектінің әділетті жұмыс істеуге ықпал ететіне сенетін депутат болашақта мәжілісмендердің де орнын осы ЖИ алмастыруы әбден мүмкін деп ойлайды.
«Шынымен дамыған ЖИ болса, көп салада бәлкім әділетті жұмыс істеуге ықпал етеді деп ойлаймын. Жасанды интеллектіде ру, туысқан жоқ, оған параның қажеті жоқ. Егер ешқандай кідірусіз тоқтаусыз жақсы жұмыс істесе, әрине, ыңғайлы ғой. Қазір, әсіресе, ХҚКО-да, құжаттарды рәсімдеген кезде адамдардың наразылығы көп. Мысалы баланы балабақшаға орналастыру кезінде, 4 пайызбен несие алу сияқты бағдарламаларды іске асыруда жасап көруге болады тәжірбе ретінде. Иә бәлкім, егер сондай ЖИ болатын болса, барлық ақпаратты қорытып, қоғамда назар аударып жатқан мәселелермен санасып жұмыс істей алатын болса, онда мүмкін«,- дейді Зайытов мәжіліс клуарында.
Айта кетейік, алдағы уақытта жасанды интеллект елдегі әкімдерге ақыл-кеңес беріп, олардың жұмысына көмектесетін болады. ЖИ халықтың толғандыратын мәселелерді қалай шешу керек екеніне кеңес беріп, әкімдікке түскен өтініштерді талдайды. Бұдан бөлек әлеуметтік осал топтағы отбасылармен қалай жұмыс істеу қажеттігіне де ұсыныстар беретін болады. Әкімдердің жұмысында жасанды интеллекті қолдану идеясы Үкімет басшысы Олжас Бектеновке ұнап қалған болатын.