Олигархтар мен жемқорлардың заңсыз иемденген активтері: бір жыл ішінде мемлекетке қанша қаражат қайтарылды?

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Шетелден қайтарылған заңсыз активтердің жалпы соммасы 300 млрд теңгеге жуықтады / Коллаж: kursiv.media архиві

Антикор қазақстандық жемқорлар мен олигархтардан шетелде заңсыз алынған активтердің қаншасы тәркіленгенін жария етті.  

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәлімдеуінше, активтердің басым бөлігі шетелден қайтарылған. Жалпы бүгінге дейін мұндай активтердің сомасы 670,5 млн долларды құрайды, бұл шамамен 300 млрд теңгеге жуық қаржы.

«Оның ішінде Австриядан қайтарылған ақша 36,8 млрд, Лихтенштейннен 116,7 млрд, БАӘ-ден 6,3 млрд, Түркиядан 6,5 млрд теңге»,- деп хабарлады Антикор.

Ал шетелдік бағалы қағаздарды сатудан түскен ақша көлмемі 300 миллион долларды құрайды, бұл дегеніміз 135,8 миллиард теңге.

«Сонымен қатар, Ресей мен Францияда да активтер анықталды, олар қазір «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-не берілді. Активтерді іздеу қылмыстық істерге қатысы бар тұлғалардың қаржылық ағындарын және олардың әл-ауқатын талдау арқылы жүзеге асырылады. Тек күдікті адамдар ғана емес, олардың сенімді туыстары мен басқа да адамдар тексеруден өтеді», –  деп мәлімдеді  Антикор брифингінде ресми өкіл.

Мемлекетке қайтарылған барлық активтер әлеуметтік мақсатта пайдалану жіберіледі. Жалпы қор құрылған уақыттан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі аударған 153,3 млрд теңгеге 92 мың оқушыға арналған 83 мектептің құрылысы қаржыландырылған. Ал биыл жыл басынан бері қайтарылған активтер есебінен 18 мектеп салынған.

Осыған дейін «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» соңғы үш айда арнайы мемлекеттік қорға 6,6 млрд теңге қайтарғанын хабарлады. Компания аукциондардан тағы 6,3 млрд теңге түсетінін мәлімдеген болатын.

 Шетелдегі активтер… 

«Қайтарылған активтерді басқару  компаниясы» ЖШС Қазақстан иелігіне өткен шетелдегі жылжымайтын мүліктердің де тізімін ұсынды. Дубайдағы беделді Emirates Hills ауданындағы сәнді виллалар, Францияның көк жағалауындағы премиум пәтерлер, Мәскеудегі элиталы жылжымайтын мүліктер – мұның барлығы бай-қуатты қазақстандықтардың мемлекет меншігіне заңсыз алған мүлік ретінде қайтарып берген нысандары.

Сондай-ақ, «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» қалталы Қазақстан азаматтарының мемлекет меншігіне қайтарып берген ең қымбат зергерлік бұйымдары мен аксесуарларының тізімін жариялды. Құны – 214,4 млн.теңге болатын қол сағат, 85 миллионнан кем тұрмайтын зергерлік бұйым бүгінде компания балансында тұр. Мәселен, мемлекет меншігіне қайтқан небәрі төрт қол сағаттың жалпы құны 283 миллион теңгеден асып жығылады.

Сондай-ақ оқыңыз