Жаңалықтар

Екібастұз МАЭС-1-дегі жаңа энергоблок жоспардан бір жыл кеш қосылды

Екібастұз МАЭС-1
Фото: Энергетика министрлігі

Қазақстандағы ең ірі жылы электр станцияларының бірі – Екібастұз МАЭС-1-де жаңа №1 энергоблок іске қосылды. Жаңа энергоблоктың қуаты 500 МВт. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлайды.

«Екібастұз МАЭС-1 станциясының №1 энергоблогы толық қуатта 72 сағат бойы сәтті жұмыс істеп, пайдалануға енгізілді. Қуаты 500 МВт жаңа энергоблок еліміздің энергетикалық қуаттарын айтарлықтай арттырып, экономика мен халықты тұрақты және сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді»,– делінген хабарламада.

Екібастұз ГРЭС-1 қазір «Самұрық-Энерго» меншігінде. Компания №1 энергоблокты 2023 жылдың желтоқсанында іске қосуды жоспарлаған. Алайда оның мерзімі бірнеше рет кейінге қалдырылған. Оған себеп құрылысқа қажетті жабдықтардың Украинадан кешігуі. Кейіннен құрылысты Ресейден келген жабдықтармен аяқтаған.

1996 жылы істен шыққан энергоблокты қалпына келтіру туралы мәселе 2012 жылдан көтерілгенімен, тек 12 жылдан соң іске қосылаған. Жоба құны 169,2 млрд теңгені құраған.

Биыл маусым айында Екібастұз МАЭС-1-де бірден 4 жылу блогының жұмысы тоқтаған болатын. Технологиялық кідіріс салдарынан электр энергиясын өндіру 6,5 есе қысқарған еді.

«Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС – Қазақстандағы ең ірі электр станциясы және әлемдегі ең ірі көмір электр станцияларының бірі. Оның қуаттылығы 3500 МВт, орнатылған қуаты – 4000 МВт құрайды. 2022 жылдың қарашасында Екібастұз МАЭС-1»-де ірі апат орын алып, 30 градус аязда қала жылусыз қалған.