Банк пен қаржы

Еуразиялық одақ аясында есеп айырысу рубльмен жүргізіледі. Бұл нені білдіреді?

ЕАЭО аясында есеп айырысу рубль арқылы жүргізіледі/Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Парламент мәжілісі  ЕАЭО аясындағы кедендік  есеп айырысуды енді рубльмен жүргізуге келісім берді.  

Депутаттар Еуразиялық экономикалық одақтағы мүше мемлекеттер арасындағы кедендік салықты есеп айырысуға қатысты келісімге өзгеріс енгізу туралы Хаттаманы ратификациялады. Мұндағы басты өзгеріс – елдер арасындағы есептеулер енді ресейлік рубль арқылы жүргізілетін болады.

«Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасына қатысты санкциялық шектеулерге байланысты есеп айырысу доллармен жүргізу мүмкін еместігіне байланысты осындай шешім қабылданып отыр», – деп түсіндірді оны Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов.

Оның атап өтуінше, бұл «ЕАЭО аясындағы мүше-мемлекеттердің бюджетіне кеден салығынан табыс тоқтамай түсіп тұруын қамтамасыз етеді». Сүлейменов айтуынша, рубльдің айналымда болуы 2 жыл жалғасады. Кедендік салық бойынша есептеулер механизмі өзгерген жоқ.

Еске салайық, ЕАЭО аясындағы келісім бойынша, мемлекеттер бір-біріне тауар тасымалдағанда төленуі керек барлық кедендік салық мемлекет бюджетіне түседі. Бірақ өзара реттілігі бар. Нақты айтқанда, кедендік салықтың 85%-ы Ресейге, 6,9%-ы Қазақстанға, 1,9%-ы Қырғызстанға түседі. Беларусь еліне 4,8%-ы, Арменияға 1,2%-ы жіберіледі.

Кедендік түсімнен алатын үлесті арттыру туралы бұған дейін депутаттар мәжілісте көтерген еді. Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бұл мәселе қаралып жатқанын және сол үшін арнайы комиссия құрылатынын айтты.

«Ол комиссияда Қазақстан тарапының мүддесін Ұлттық экономика, Қаржы және Сауда және интеграция министрліктері қорғап жатыр. Біржановтың айтуынша, қазіргі таңда министрліктер бірнеше әдістемені қарастырып, үлесті бөлу әдістемесін макрокөрсеткіштерге негіздеу мәселесін талқылап жатыр», – деді ол мәжілісте