АҚШ-тағы әлеуетті small-cap акциялар, «жасыл энергетика» инвесторлары неге алаңдаулы, Жапония пайыздық мөлшерлемені өзгертуі мүмкін

Жарияланды
small-cap
Жапония пайыздық мөлшерлемені өзгертуі мүмкін / Фото: Shutterstock

Инвесторлар «жасыл энергетика» келісімдерін тоқтатып жатыр. Сарапшылар АҚШ-тағы әлеуетті small-cap акцияларды атады. Жапония пайыздық мөлшерлемені өзгертпек. 25 желтоқсандағы әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыз.

АҚШ-тағы small-cap секторындағы арзан әрі әлеуетті акциялар

CNBC сарапшылардың 2025 жылы елеулі өсім көрсетуі мүмкін ең арзан шағын компаниялардың акциялары туралы пікірін жариялады. Акциялар өз секторына және қосалқы салаға қатысты арзандатылған бағамен саудаланып жатыр. Әрі соңғы айда 5%-дан астамға өсім көрсеткен. Таңдалған компаниялар қатарында Bath & Body Works, Alaska Airlines, Academy Sports and Outdoors, және Sprinklr бар.

Bath & Body Works (парфюмерия дүкендері желісі) акциялары биыл 9%-ға төмендеген. Алайда TD Cowen сарапшылары бұл акцияларды 2025 жылғы үздік инвестициялық идеялардың қатарына қосты. Олар 20%-ға өседі деп болжап отыр.

Alaska Airlines (авиация саласы) акциялары 2024 жылдың басынан бері 73%-ға өсті. Сарапшылар олардың 2025 жылы тағы 16%-ға өсу мүмкіндігі бар екенін алға тартты.

Academy Sports and Outdoors (спорттық тауарлар дүкендері желісі) акциялары биыл шамамен 12%-ға құлдыраған. Бірақ Citi олардың пандемиядан кейінгі сатылымдардың қалпына келуі және дүкендер санын арттыру аясында 2025 жылы 17%-ға өсеріне сенімді.

Sprinklr (бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуші) акциялары биыл 25%-ға арзандаған. Дегенмен сарапшылар келесі жылы олардың 9%-ға көтерілуін күтіп отыр.

«Жасыл энергетика» инвесторлары субсидиялар тоқтап қала ма деп алаңдаулы

Дональд Трамптың таққа қайта келуі «жасыл энергетика» саласында жұмыс істейтін компаниялардың инвесторларын алаңдатып отыр. NYT басылымының жазуынша, Трамп Джо Байден әкімшілігінің жаңартылатын энергия көздері мен электрмобильдер саласындағы көптеген ережелері мен субсидияларын жояды деп күтіліп отыр.

Қазіргі таңда үш жыл ішінде компанияларға бөлінетін 350 млрд доллар көлеміндегі салық жеңілдіктерінің тағдыры 2025 жылы шешілмек. Бұған дейін Трамп Байденнің бұл салаға жасаған инвестицияларын «жаңа жасыл алаяқтық» деп атап, қазба отын өндірісін арттыруды қолдайтынын мәлімдеген.

Сонымен қатар Трамптың импорттық баж салығын арттыру жөніндегі уәдесі күн және жел электр станциялары, автокөлік аккумуляторлары мен энергия сақтау жүйелері үшін қажетті компоненттердің қымбаттауына әкеледі.

Бұл өзгерістердің әлеуеті жасыл энергетикаға қатысты жаңа келісімдерді уақытша тоқтатуға мәжбүр етті. Банктер мен инвесторлар Вашингтондағы жағдайдың айқындалуын күтіп отыр. Сонымен бірге қаржылық компаниялар жаңа келісімшарттарға саясат өзгерістерінен туындауы мүмкін шығындардан қорғау шараларын енгізуде.

Жапониядағы инфляция пайыздық мөлшерлемені тағы да арттыруға жол ашуы мүмкін

Қызмет көрсету саласындағы инфляцияның негізгі көрсеткіші – қызметтер бағасының өндіруші индексі қараша айында 3%-ға дейін өсіп, екі ай қатарынан жылдамдағанын көрсетті деп жазды Reuters. Қазан айында бұл көрсеткіш 2,9%-ды құраған. Бұл Жапония Орталық банкінің пікірін құптайды: жалақының өсуі шығындарды тұтынушыларға жүктеуге компанияларды көбірек ынталандыруда.

Осы жағдайға байланысты Жапония банкі жалпы инфляция деңгейі 2%-ды құраса, қарыз алу мөлшерлемелерін қайта көтеруі мүмкін. Реттеуші сұраныстың өсімі қатаң шараларды ақтайтындай деңгейде екенін мұқият қадағалап жатыр.

Еске сала кетейік, наурыз айында Жапония банкі 2007 жылдан бері алғаш рет теріс пайыздық мөлшерлемені жойды. Оны 0,1%-ға дейін көтерді. Шілде айында мөлшерлеме 0,25%-ға дейін арттырылды.

Сондай-ақ оқыңыз