Әлемдік авиация қалпына келе бастады: әуе компанияларының акциялары қалай қымбаттайды?
2024 жылы әлемдік авиация қалпына келіп, короновирус пандемиясына дейінгі кезеңдегі көрсеткіштеріне жетіп қалды. Биыл жыл басынан бері әуе компаниялары акцияларының бағасы тұрақтанған. 2025 жыл әуе тасымалы саласы үшін табысты болмақ. Halyk finance сарапшылары әлемдік авиация саласының қазіргі жай-күйіне қатысты шолуында осылай деп тұжырымдайды.
Әуе компанияларының табысы қандай болады?
2024 жылы әуе комапияларының жалпы түсімі 965 млн долларды құрайды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 6,2%-ға артық.
Әлемдік ірі әуе компаниялары 2025 жылғы табысына қатысты болжамын қайта қарап жатыр. Мәселен, Alaska Airlaines 2024 жылдың соңғы тоқсанына қатысты болжамын жаңартып, қарызын азайтқанын мәлімдеді. Компания Hawaiian Airlaines-ті сатып алу нәтижесінде 2024 жылы 2,5 доллар тұрған акциясының құны 2027 жылға қарай 10 долларға дейін жеткізуді мақсат тұтып отыр. 2025 жылы әуе тасымалына деген сұраныстың артуының арқасында түсімі де көбейеді деп болжаған.
Ал Delta Airlaines акционерлер жиналысында 2025 жылы жолаушылар тасымалы 3-4% өседі деп күтіп отырғанын хабарлаған. Компания ІV тоқсандағы табысын қайта қарап, алдағы 2-3 жылда 10 пайыз өседі деп болжап отыр.
Табыстың артуына миллениалдар мен Z ұрпақтың еркіндігі, тұтынушылық сұранысы мен көшіп-қонып жүруі ықпал етпек. Компания 2027 жылға қарай премиум-сегменттегі билет сатылымы жалпы түсімнің 57%-ын құрайды деп үміттенеді.
American Airlaines-тің 2024 жылдың соңғы тоқсанындағы қаржы нәтижесін қайта қарауы нарыққа жағымды белгі болды. Уолл-Стриттің жағымды бағасын алған соң, әуе компаниясының акциялары өсті.
Жолаушылар тасымалы артып келеді
Екі жылға созылған пандемиядан кейін, әлемдік жолаушылар тасымалы қалпына келе бастады. Әсіресе, Солтүстік-Шығыс Азия бағытындағы жолаушылар тасымалы артты. Негізі өсім Қытай мен оның ішкі туризмінің дамуы болған.
Сонымен қатар Еуропа мен Солтүстік Америка авиациясына сұраныс жоғары. Ал Таяу Шығыс бағытындағы әуе тасымалы үлкен өсім байқатпады. Оған себеп бұл аймақтағы текетірестің шиеленісуі.
Одан бөлек АҚШ-тан Еуропаға ұшатын әуе рейстеріне сұраныс әдеттегідей жоғары болып тұр. Ал АҚШ-тан Азия, әсіресе, Қытайға ұшатын әуе рейтері аз. Биыл халықаралық әуе рейстерінің қатары ішкі рейстерден асып түскен.
2025 жылғы табысы қандай болмақ?
Әуе көлігі халықаралық қауымдастығы 2025 жылы әуе тасымалы 5%-ға артады деп болжаған. Ал әуе компанияларының түсімі жалпы 1 трлн доллардан асуы ықтимал. Ал табысы тағы 6,2%-ға көбеюі мүмкін.
Десе де, 2025 жылы жолаушылар тасымалынан түсетін табыс 2024 жылмен салыстырғанда 4,2%-ға азаюы мүмкін. Оған әлемдік әуе компаниялары билеттерінің арзандауы ықпал етпек.