Маңғыстау облысы Ақтау қаласы маңында құлаған ұшаққа байланысты Қазақстан Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодекстің 344-бабымен іс қозғады. Бұл туралы Сенат отырысынан кейін журналистерге ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты.
Вице-министрдің айтуынша, қылмыстық іс 344-бап, яғни «Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу» фактісі бойынша қозғалған.
«Оқиға орнында тергеуді басқару үшін министр орынбасары жүр. Тергеуді өзге елден келген әріптестермен бірге, қазақстандық қызметкерлер жүргізеді. Барлық қажетті мамандар тартылады», – деп жауап берді вице-министр.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Әзербайжан әуе компаниясының Бакуден Грозныйға ұшқан ұшағы Ақтау қаласы маңында құлап, 39 адам қаза тапқан. Олардың қатарында Қазақстанның 6 азаматы да бар.
28 адам аман қалып, Ақтаудағы ауруханаларға жеткізілген, оның 2 бала. 11 адам ауыр хәлде реанимацияға түскен. Оларға ота жасау үшін тиісті мамандар қазақстандық санавиациямен Ақтауға жеткен.
Бортта Қазақстан азаматтарынан бөлек, Әзербайжан, Ресей және Қырғызстан азаматтары болған.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Қазақстан Үкіметі жанынан арнайы комиссия құрылған. Әзербайжан Үкіметі жанынан да комиссия құрылып, елдің төтенше жағдайлар министрі бастаған делегациямен келген. Бұған қоса, Embraer ұшағын өндіруші компанияның өкілдері де тергеу қатысуға өтініш білдірген.