Жаңалықтар

Ақтаудағы ұшақ апатында қайтыс болған қазақстандықтардың тізімі жарияланды

Ақтаудағы ұшақ апатында қайтыс болған қазақстандықтардың тізімі жария болды / Фото: REUTERS/Azamat Sarsenbayev, бильд-редактор: Дастан Шанай

Маңғыстау облысы Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апатында қайтыс болған Қазақстан азаматтарының тізімі жарияланды. Тізімді Төтенше жағдайлар министрлігі жария етті.

Ұшақ апатында Қазақстанның 6 азаматы қайтыс болған. Олардың ішінде 11 жастағы жеткіншек бар. Екі азаматтың «Қазмұнайгаз» компаниясында жұмыс істегені белгілі.

««Azerbaijan Airlines» әуе компаниясының апатқа ұшыраған ұшағында қаза болған жолаушылардың арасында біздің әріптестеріміз де бар екенін күйзеліспен хабарлаймыз», – деп хабарлады компания.

  • Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының 36 жастағы тұрғыны Төлесінов Сәндібек Екібайұлы. «Өзенмұнайгаздың» мердігерлік компаниясы «МұнайФилдСервисінде» механикалық-энергетикалық бөлімнің инженері болған. Осы салада 16 жыл еңбек еткен. Артында 4 баласы қалды.
  • Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының 39 жастағы тұрғыны Жұмағұлов Бауыржан Жұмабайұлы. «Қазмұнайгаздың» еншілес мекемесі «Өзенмұнайсервисінде» бұрғышының көмекшісі болған. Салада 6 жыл қызмет еткен.
  • Маңғыстау облысы Ақтау қаласының 46 жастағы тұрғыны Махсудова Галина Растамбековна.
  • Астана қаласының 49 жастағы тұрғыны Шаймерденова Гаухар Жұмағатқызы. Астана қаласында нотариус болып жұмыс істеген.
  • Шаймерденова Гаухардың 11 жасар ұлы Жұмағат Эльдар.
  • Қарағанды қаласының 29 жастағы тұрғыны Джутаева Салима Аманжолқызы.

Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, ұшақ апатынан кейін Ақтауда 29 адам ауруханаға жатқызылды. Олардың арасында үш бала бар. 11 науқас реанимацияға түскен. Ауруханаға түскендер қатарында Әзербайжанның 15 азаматы, Ресейдің 9 азаматы, Қырғызстанның 3 азаматы бар. Тағы 2 адамның азаматтығы анықталуда.