Атыраудың бұрынғы әкімі Қайрат Оразбаев жер учаскелерін заңсыз бергені үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Атырау сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Іс материалдарына сәйкес, Оразбаев қалалық жер қатынастары бөлімі мен сәулет бөлімінің басшыларына рекреациялық аймақтағы 8 учаскені беруді тапсырған.
Екі бөлімнің басшысы өзара келісіп, санитарлық аймақтағы 18 жер учаскесін берген. Осы мақсатта жер қатынастары бөлімінің басшысы жер комиссиясының хаттамасына қосымша комиссия отырысында қаралған 18 өтініш туралы жалған мәліметтер енгізеді.
Іске қатысты әкім мен әкім аппаратының басшысы және екі бөлімнің басшылары айыпталған. Алайда сот әкім аппараты басшысының «қылмыс жасауға қатысы бар екендігі туралы жеткілікті дәлелдер берілмегенін» анықтаған. Себебі жер учаскелерін беру оның қызметтік құзыретіне кірмеген.
Сонымен қатар прокурорлар қандай құжаттарға жалған мәліметтер енгізгенін нақты көрсетпеген. Сондай-ақ мүлікті ұрлау фактілерін дәлелдей алмады. Сондықтан күдікті азаматтардың әрекеттері өкілеттіктерді теріс пайдалану және алаяқтық жасау болып танылған.
Сот шешімімен бұрынғы әкім мен сәулет бөлімінің басшысы кінәлі деп танылды. Әкімнің 3 жылға, бөлім басшысының 5 жылға бас бостандығы шектелді. Ал қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы «Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану» және «Қызмет бабында жалған құжат жасау» фактілері бойынша кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығы шектелді. Үш шенеунік те өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды.
Айта кетейік, 2023 жылдың қараша айында Атыраудың бұрынғы әкімі Қайрат Оразбаевтың қала аумағында жер учаскелерін заңсыз беру күдігімен ұсталғаны белгілі болған.