Жаңалықтар

Қырғызстанда никаб кигендер 120 мың теңге айыппұл төлейді

Қырғызстанда никаб кигендер 120 мың теңге айыппұл төлейді
Қырғызстанда никаб кигендер 120 мың теңге айыппұл төлейді / Фото: shutterstock

Қырғызстандағы қоғамдық орындарда никаб кигені үшін 20 мың сомға (119 мың теңгеге) жуық айыппұл салынады. Бұл туралы ел парламентінде талқыланып жатқан «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң жобасында жазылған.

Мемлекеттік органдардың ғимаратында және қоғамдық орындарда азаматтың жеке басын сәйкестендіру мүмкіндігі болуы қажет. Депутаттарға осы мақсатта әкімшілік кодекске 127.1-бап қосу ұсынылды. Оған сәйкес, жоғарыда аталған орындарда азаматтардың никаб киюіне тыйым салынады.

Жоғары кеңестің депутаты Дастан Бекешев айыппұл сомасы тым жоғары екенін алға тартқан.

«Бетіңізді жасыру үшін никаб немесе паранжа кигенге 20 мың сом айыппұл салады. Никабты халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан әйелдер киеді. Бай әйелдерді никаб киюі сирек кездесетін жағдай», – деді депутат.

Ол дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссиядан заң жобасынан никабты қоғамдық орындарда киюге тыйым салу туралы норма алып тастауды сұраған. Алайда бастамашы топ азаматтардың жеке басын сәйкестендіру мүмкіндігі демократия қағидаттарынан қайшы келмейтінін алға тартты.

Айта кетейік, Қазақстанда да мұндай ұсыныстар болған. Мәселен, мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи қоғамдық орындарда діни киім кию мәселесін парламентте қарауды ұсынған. Дегенмен ол ұсынысының мақсатын қоғамдық қауіпсіздікті сақтау емес, ұлттық мәдениетті сақтау жолы деп түсіндірген.