Қытайлықтарға тиесілі Солтүстік Бұзашыда мұнайшы қайтыс болды, әріптестері неге алаңдап отыр?

Жарияланды
Солтүстік Бұзашы кен орнында мұнайшы қайтыс болды/Фото: shutterstock

Маңғыстаулық мұнайшылар әріптестерінің қазасына және жұмыстағы қауіпсіздік мәселесіне алаңдап отыр. Олар осы мәселені талқылау үшін Buzachi Operating компаниясының басшылығымен кездесуді талап етеді.  

Кеншілердің талабы айтылған видео бүгін Лада.кз сайтында жарияланды.

«Біз, Солтүстік Бұзашы кен орнындағы қызметкерлер тобы, әріптесіміздің өмірін қиған қайғылы жағдайға қатты алаңдап отырмыз. Ол үш баланың әкесі еді. Үлкен ұлы науқас, ал кішкентайы бар болғаны бір жаста. Бұл жағдай бәрімізді қатты шошытты. Себебі біз жұмыс беруші қойған жоспарды және қызметтік міндетімізді орындау үшін күн сайын қауіпті аймақтарда жұмыс істейміз. Жұмыс орнындағы қауіпсіздікке күмән туындағанда біз жай қарап қала алмаймыз. Болған жағдайды талқылап, еңбек етуге қауіпсіз жағдай жасау үшін «Бузачи оперейтинг» компаниясының бас директорымен кездесуді талап етеміз», – дейді жұмысшылар.

Олардың сөзінше, мұнайшылар бірнеше рет осы мәселе жайлы компания директорына шығуға тырысқан. Бірақ басшылық тарапынан еш жауап болмаған.

2024 жылы 24 желтоқсанда Солтүстік Бұзашы кен орнында 1988 жылғы, 4-разрядтағы оператор Досан Ахметов қайтыс болды.

Маңғыстау облысындағы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Нұрәлі Баулыбаевтың сөзінше, ол таңғы 09:53-те тексеру жүргізу үшін нысанға келген. 11:15-те мұнай сорғымасының жанынан өлі денесі табылған.  Осыдан кейін кен орнында тексеріс жүргізілген.

«Сол жерге жақын маңайда жүрген 4 куәгерден жауап алынып, хаттамаға түсірілді. Мұнай сорғымасының техникалық құжаты тексерілді. Қазір себебі анықталып жатыр», – деп қорытындылады Нұрәлі Баулыбаев

Buzachi Operating директоры ретінде Чжу Айцзюнь көрсетілген. Компания Маңғыстау облысындағы Солтүстік Бұзашы кен орнына бақылау жасайды. Компанияның 50% акциясын қытайлық CNPC корпорациясы иеленеді. Екінші жартысы тағы бір қытайлық Sinopec компаниясына тиесілі. Бұл жобаға олар 2003 жылдан бері қатысады. Кен орнындағы мұнай қоры 546 млн тонна деп есептеліп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз