«Республика алаңында 16 мәйіт табылған» – Қаңтарда оққа ұшқан Ерлан Жағыпаровтың ісі бойынша сотта жаңа мәліметтер айтылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ерлан Жағыпаров ісі бойынша сотта жаңа мәліметтер айтылды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы гарнизонының әскери сотында Қаңтар оқиғасында қайтыс болған Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановтың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр.

Жәбірленуші тараптың талап-арызы

25 желтоқсан күні болған сот отырысына Марқұм Ерлан Жағыпаровтың бауыры Нұрлан Жағыпаров қатысты. Марқұмның інісі айыпталушы подполковник Айтжан Әубәкіровтің бұлтартпау шарасын өзгертіп, қамауға алынуын талап етті. Оның айтуынша, айыпталушының бостандықта жүруі әділетсіз. Алайда қорғау тарапы Әубәкіровтің үш жыл бойы соттан қашпай, ешқандай тәртіп бұзбағанын алға тартып, өтінішке қарсы пікір білдірді. Сот Айдар Секенов бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Жәбірленуші тарап Нұрлан Жағыпаровтың марқұм ағасының денесін жуған кезде түсірген фото және видеоматериалдарды іске қосу туралы өтінішін cот Айдар Секенов тарапынан қанағаттандырылды.

«Сот-медициналық сараптама нәтижесі құрғақ сипаттама. Онда марұмның денесінде белгілі бір көлемдегі гематомалар бар екені көрсетілген. Алайда мұның өзі – марқұм қандай сұмдық азаптауларды бастан өткізгенін толық көрсете алмайды», – деп мәлімдеді жәбірленушінің адвокаты Сауле Қабжанова.

Куәгерлердің жауабы

Сот барысында құтқару қызметінің төрт қызметкері және «Қаңтар оқиғасы» кезінде Республика алаңында болған құқық қорғау органдарының сегіз қызметкері куәгер ретінде жауап берді. Алайда оқиғадан бері үш жыл уақыт өткендіктен, куәгерлердің көпшілігі нақты деректерді естеріне түсіре алмады. Көп жағдайда адвокаттар мен прокурор куәгерлердің тергеу барысында берген бұрынғы жауаптарын еске салып отыруға мәжбүр болды.

Құтқарушылардың бірі Юрий Сергеев 2022 жылы 7 қаңтарда Республика алаңынан 16 мәйіттің алынғанын, олардың бірінің қолында кісен болғанын атап өтті. Ол бұл көріністің есте ерекше сақталғанын айтты. Құтқару қызметінің барлық төрт куәгері де бір мәйіттің қолында кісен болғанын айтты.

Жағыпаровты қорғауға алған сержант кім?

Ары қарай, 6 қаңтар күні ұсталған Жағыпаров пен Қапсалановты қарауға алған Ұлттық гвардияның сержанты Ермек Сакеев пен бірінші батальонның командирі Дәурен Байсбеков куәгер ретінде сұралды. Олардың сөзінше, арнайы жасақ «Арыстан» ұсталған екі адамды әкеліп, оларды уақытша қарауды тапсырып, атыс болып жатқанын айтып, басқа жаққа кеткен. Сержант Сакеев екі адамды шамамен бес сағат бойы күзеткен.

«Ұсталғандарға орнынан тұруды айтқанымызда, Жағыпаровтың қалтасынан жерге пышақ түсіп қалды. Мен оны аяқпен шетке итердім. Содан кейін оларға ешкім жақындаған жоқ», – деді Байысбеков.

Түнде шамамен бес сағат өткен соң, бұл екі адамды айыпталушы подполковник Айтжан Әубәкіров алып кеткен. Бұдан кейінгі оқиғаларды төртінші ротаның командирі Бекмұрат Іздеу баяндады. Ол Әубәкіровпен бірге Сәтбаев көшесінің батыс жағында болған.

«Түнгі бір жарым шамасында подполковник Әубәкіров рация арқылы капитан Сағындықов екеумізге баррикададан екі азаматты алып шығуды тапсырды. Сағындықов бірінші адамның кісенін шешкен соң, екіншісінің бір қолындағы кісенін шешіп жатқанда, рациядан «таран» деген дауыс естідік. Сол кезде екінші азамат Сағындықовты итеріп жіберіп, екеуі де Желтоқсан көшесі жаққа қаша жөнелді», – деді Іздеу.

Сол кезде подполковник Әубәкіров олардың қашқанын көріп, қауіп төндіруші тұлғалар деп ойлап оқ атқан. Сот-медициналық сараптаманың нәтижесінде Ерлан Жағыпаровтың кеуде және құрсақ қуысынан алған оқ жарақаттарынан көз жұмғаны анықталды.

Бұл іс бойынша жалпы 35 куәгер сотқа шақырылған. Қалған куәгерлердің жауабы келесі отырыстарда тыңдалады.

Еске сала кетейік, Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсаламовтың өліміне қатысты сот процесі 18 желтоқсанда басталған. Сотқа 5571 әскери бөлімінің командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, подполковник Айтжан Әубәкіров тартылған. Оған Қылмыстық кодекстің 451-бабы («Билікті асыра пайдалану») бойынша айып тағылған.

Айыпталушы Әубәкіров өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, 2022 жылғы 7 қаңтарға қараған түні әскери блокқа жасалған шабуылға байланысты қару қолданғанын алға тартып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз